ІІМ ескертеді: Интернеттегі алаяқтар ЖИ арқылы алдаудың жаңа схемасын ойлап тапқан
Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлерінің таралғаны жөнінде ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Министрліктің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржановтың айтуынша, қаскөйлер өзін құқық қорғау органының қызметкері, банк секторының өкілі және басқа ұйымдардың маманы ретінде көрсету үшін ұқсас суреттерді, аудио және бейнематериалды жасау мүмкіндігін белсенді қолдануға көшкен.
Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңырау арқылы белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, өзін полиция қызметкері, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстыратын жағдайлар тіркеліп жатыр.
«Күдікті операцияларды анықтау немесе ақшаның сыртқа шығу қаупі бар деген сылтаумен олар азаматтарды ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді. Сонымен қатар ресми хабарламаға ұқсас етіп жалған хабарлама мен құжаттарды жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары өкілімен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану фактілері де кездеседі», - деді Бейбіт Біржанов.
Оның мәлімдеуінше, Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайды.
«Алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер, сондай-ақ келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер. Барлық алаяқтық фактілері мен әрекеттері туралы дереу полицияға хабарлау қажет», - деді Бейбіт Біржанов.
Еске салсақ, алаяқтар «Қазақмыс» басшысының атынан жалған аккаунт ашып, ақша сұраған.