Олжас Бектенов фармацевтикалық өнім өндірісін ұлғайтуға назар аударды

Олжас Бектенов фармацевтикалық өнім өндірісін ұлғайтуға назар аударды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Отандық кәсіпкерлер кеңесі отырысын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жиынға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП басшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты. 

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық денсаулық сақтау, фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту халықтың өмір сүру сапасы мен ұлттық экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Адамға бағдарланған мемлекет қағидаты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның негізгі өзегіне айналды. Яғни, адам капиталын дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылды әрі ол Ата заңда нақты бекітілді. Бұл, өз кезегінде отандық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін де тың тәсілдерді талап етеді», — деді Олжас Бектенов. 

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 209 отандық өндіруші тіркелген, оның 43-і дәрілік заттар өндірісімен, 166-сы медициналық бұйым шығарумен айналысады. Қазіргі таңда 31 қазақстандық тауар өндірушімен 2 мыңнан астам фармацевтикалық өнім түрін жеткізу бойынша 83 ұзақмерзімді шарт жасалған. 2025 жылғы желтоқсаннан бері 316,3 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 400-ге жуық дәрілік зат түрін шығару, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру және экспорттық әлеуетті кеңейту көзделген. 

Үкіметтің қолдауымен уәкілетті органдармен бірлесіп, бағаны кезең-кезеңімен реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда бұл шара рецептісіз сатылатын 2,5 мыңға жуық дәрі-дәрмекті қамтыды, сондай-ақ құны 1 АЕК-ке дейінгі тағы 1,8 мың рецепт арқылы берілетін дәрі-дәрмек бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің талдауына сәйкес, 1 тоқсанда 631 дәрі-дәрмек түрі бойынша баға орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеуді жеделдету тетіктері пысықталып жатыр. Бұл олардың нарыққа шығу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. 

Дәрілік заттардың бағасын реттеу мәселелері бойынша Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Марина Дурманованың баяндамасы тыңдалды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, былтыр елімізде фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 8,7%-ға артқан. Нарық ық ерекшелігін ескере отырып, отандық препараттарға баға белгілеу жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныс айтылды. 

«Еуразиялық медициналық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Сәуле Сатыбаева ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу мәселесін көтерді. Отандық өндірушілерге арналған преференцияларды күшейту және баға белгілеу бөлігінде ұзақмерзімді шарттардың тұрақтылығын арттыруды қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ отандық өндірістің бар екенін ескере отырып, дәрілік заттарды халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу тетігінің ашықтығына ерекше назар аударылды.

Отандық медициналық техника өндірісін дамыту бойынша «Sintez-KZ медициналық холдингі» ЖШС директоры Игорь Рыбин ұсыныс айтты. Аталған бастама қатарында қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді шарттар жасасу практикасын жаңғырту, офтейк келісімшарттарды енгізу және елде аккредиттелген сынақ зертханаларын құру бар.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін реформалауда жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып, ашықтыққа, дәрі-дәрмек құнын төмендетуге және цифрлық технологияны енгізуге баса назар аударылып отырғанын атап өтті. Ұзақмерзімді шарттар бойынша 5 мыңнан астам позиция қайта есептелді және былтыр шілде айынан бастап жаңа бағалар белгіленді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралар есебінен бірыңғай дистрибьюторды сатып алу кезінде бюджеттің шамамен 75 млрд теңгесін үнемдеуге қол жеткізілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов фармацевтикалық өнім өндірісін ұлғайту, технологиялар трансфері, халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағыттарында мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.

«Отандық өндірушілерді қолдау басымдыққа ие болуы керек және бұл барлық салаға қатысты. Біз барлық бағытта, соның ішінде медициналық техника және дәрілік заттармен өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – маңызды мәселе. Үкімет кәсіпкерлік қызметті реттеу саясаты аясында бақылау және әкімшілік жүктемені азайту, сондай-ақ бизнестің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін кеңейту жұмысын жалғастырады. Өз кезегінде, бизнес тарапынан әлеуметтік жауапкершілікпен қатар, халықтың кең ауқымы үшін қолжетімді бағада қауіпсіз әрі сапалы фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Атап айтқанда Денсаулық сақтау министрлігі 1 шілдеге дейін «бір терезе» қағидаты бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Осы жылдың 1 маусымына дейін көтерме және бөлшек сегменттегі құны 1 айлық есептік көрсеткішке дейінгі дәрілік заттардың бағасын дерегуляциялау жұмысын аяқтау қажет, ал 1 айлық есептік көрсеткіштен жоғары бағалар бойынша биылғы 1 желтоқсанына дейін аяқтау керек.

Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ұлттық палатасымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баға белгілеудің халықаралық тәсілін талдау негізінде отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың әділ нарық бағасының теңгерімін қамтамасыз ету тапсырылды. 

Бұдан бөлек, локализациялау құралы және сервистік инфрақұрылым ретінде медициналық техниканы жеткізуге ұзақмерзімді шарттар жасасу тетігі бойынша ұсыныстар енгізу жүктелді.

Ал, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосылған құн салығының бірыңғай жеңілдетілген мөлшерлемесін белгілеу мәселесін қарастырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды импорттау және өткізу кезінде салық салу тәсілін біріздендіру бойынша шаралар қабылдауы тиіс.