Астанада оқушылар арасында «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы өтіп жатыр

Бүгін, 11:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада оқушылар арасында «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы өтіп жатыр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астана қаласында 5-8 сынып оқушылары арасында экологиялық бағыттағы дарынды жас зерттеушілерді анықтау бағытында «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Білім додасының негізгі мақсаты - экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын, зерттеу дағдылары қалыптасқан, шығармашылық және сыни ойлау қабілеті жоғары оқушыларды анықтап, оларды қолдау. Биыл конкурсқа еліміздің барлық өңірінен іріктелген 88 жоба бойынша 105 оқушы қатысуда.

«Жобалар төрт негізгі бағыт бойынша бағаланады. «Туған өлке табиғаты» бағыты аясында қатысушылар виртуалды экскурсиялар, 3D-модельдер мен интерактивті карталар ұсынады. «Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» бағыты табиғи құбылыстарды бейнелейтін бейнематериалдар, қысқа деректі фильмдер, фотоэсселер мен шығармашылық жұмыстарды қамтиды. «Үздік экологиялық бастама» бағыты экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған зерттеу жобалары, экодизайн үлгілері және инфографика элементтерімен толықтырылған талдамалық жұмыстарды біріктіреді. «Таза қала сізден басталады» бағыты аясында қалалық ортаны жақсартуға арналған экологиялық акциялар, көгалдандыру және абаттандыру жобалары ұсынылады», делінеді хабарламада.

Конкурс ережесіне сәйкес қатысушылардың 45%-ы Оқу-ғарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II, III дәрежелі диплом, грамоталарымен марапатталады, сондай-ақ, барлық қатысушыларға сертификат табысталатын болады.

Еске салсақ, елордалық оқушы Еуропалық математикалық олимпиадада жеңімпаз атанды.