Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы: кене шағуынан қалай қорғануға болады

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы: кене шағуынан қалай қорғануға болады
Фото: pexels.com

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – иксод кенелері арқылы немесе ауру жануарлардың қаны мен биологиялық сұйықтықтарымен жанасу кезінде жұғатын жедел вирусты табиғи-ошақтық инфекция. Бұл туралы Elordainfo.kz Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Комитеттің мәліметінше, эндемиялық аймақтарға Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы жатады. Кенелердің белсенді кезеңі наурыз айынан басталып, мамыр-маусым айларында ең жоғары шегіне жетеді.

Қауіп тобына мал шаруашылығымен айналысатын адамдар (шопандар, малшылар, сауыншылар, ветеринария қызметкерлері), эндемиялық аумақ тұрғындары және науқастардың қанымен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері кіреді.

Аурудың инкубациялық кезеңі 2-14 күн. КҚГҚ кенеттен басталады: дене қызуы 39-40 °C-қа дейін көтеріледі, бас ауырады, қалтырау, бет пен шырышты қабаттардың қызаруы, бұлшықет және буын аурулары, жүрек айну мен құсу байқалады. 2-4 күннен кейін қан кету белгілері (мұрыннан, қызыл иектен қан кету, теріге қан құйылу) пайда болуы мүмкін.

Аурудан кейін иммунитет 2-7 жылға дейін сақталады.

Алдын алу шаралары:

- табиғатта болғанда репелленттерді қолдану;

- жабық киім кию (шалбарды шұлықтың ішіне, көйлекті шалбардың ішіне салу);

- малмен жұмыс кезінде қорғаныш киім мен қолғап кию;

- денені және киімді кенеге үнемі тексеру;

- мал қоралары мен жануарларды кенеге қарсы өңдеу.

Комитеттің мәліметінше, КҚГҚ – қауіпті инфекция. Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге әкелуі мүмкін.

«Кене шаққан жағдайда өз бетіңізше алып тастамай, дереу дәрігерге жүгіну қажет», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін кенеден қорғану жолдарын жазғанбыз