Кенеден қалай қорғануға болады - министрлік алдын алу шараларын айтты
Көктем мезгілінің басталуымен кене шаққан 478 адам дәрігерлерге жүгінген, алайда кене энцефалиті жағдайлары тіркелген жоқ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
«Күннің жылынуына байланысты, әсіресе табиғат аясында кенелерге тап болу қаупі артып отыр. Қазақстанда жұқтыру қаупі жоғары 7 эндемиялық өңір анықталды. Олар: Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары, сондай-ақ Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген аудандары.
Кене энцефалиті — бұл кененің шағуы арқылы берілетін вирустық ауру, ол ми мен жұлынды зақымдауы мүмкін. Ауыр жағдайларда бұл дерт күрделі асқынуларға әкелуі ықтимал, сондықтан дер кезінде қорғану шараларын қабылдау маңызды», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты:
• ауру жағдайлары тіркелмеген;
• кене шағуына байланысты 478 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 232-сі — балалар;
• зардап шеккендердің басым бөлігі (97%) қажетті профилактикалық көмек алған.
Елде маусымға дайындық алдын ала жүргізілуде:
• қауіп топтарын вакцинациялау жалғасуда (5 845 адам егілді);
• вакциналар мен иммуноглобулиннің жеткілікті қоры бар;
• Алматы, Алматы және Жетісу облыстарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды.
Кене шағуының профилактикасы шаралары қарапайым әрі қолжетімді:
- Вакцинациялау — ең сенімді қорғаныс тәсілі (алдын ала жоспарлаған жөн);
- Киім — жабық, ашық түсті, жеңі тығыз манжеталы болуы тиіс;
- Репелленттер — кенелерге қарсы арнайы құралдарды пайдалану;
- Табиғаттағы мінез-құлық — биік шөптерден аулақ болу, өзіңізді және балаларды үнемі тексеріп отыру;
- Қауіпсіз тамақтану — сүтті міндетті түрде қайнатып ішу.
Егер кене теріге жабысып қалса, сабыр сақтап, дұрыс әрекет ету қажет:
- кенені пинцет немесе жіп көмегімен абайлап алып тастау;
- шағу орнын антисептикпен өңдеу;
- мүмкіндігінше кенені зертханаға талдауға тапсыру;
- міндетті түрде дәрігерге қаралу — қажет болған жағдайда 72 сағат ішінде иммуноглобулин енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кене энцефалитінен қарапайым қағидаларды сақтау және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну арқылы тиімді қорғануға болатынын еске салады.
Еске салайық, бұған дейін кене маусымы басталғаны туралы жаздық.