Кене маусымы басталды: инфекциялық қауіптен сақ болыңыз

Кене маусымы басталды: инфекциялық қауіптен сақ болыңыз
Фото: pexels.com

Жылы мезгілде иксод кенелерінің белсенділігі артады. Олар орман, дала және қалалық саябақтарда кездеседі. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Комитет мамандарының мәлімдеуінше, кене шағуы көбіне білінбейді, бірақ ол қауіпті инфекцияларды таратуы мүмкін. Атап айтқанда, туляремия, кене энцефалиті, лайм ауруы (боррелиоз) және басқа да жұқпалы аурулардың қаупі бар.

«Өзіңізді қалай қорғауға болады? Серуен кезінде дұрыс киім кию – негізгі қорғаныс шарасы. Кене әдетте төменнен жоғары қозғалады, сондықтан тығыз матадан тігілген жабық киім таңдаңыз; көйлекті шалбарға, шалбарды шұлыққа салыңыз;  жең мен жаға денеге тығыз болсын; әр 15-20 минут сайын өзіңізді және жақындарыңызды тексеріңіз», – делінген хабарламада

Кене шақса не істеу керек?

«Кене шаққан жағдайда сабыр сақтап, оны күштеп жұлып алмаңыз. Бұл теріде бөлшектерінің қалып, қабынуға әкелуі мүмкін. Мүмкіндігінше жақын жердегі медициналық мекемеге жүгініңіз, мамандар кенені қауіпсіз түрде алып тастайды.

Егер кенені өзіңіз алып тастасаңыз, оны толық алғаныңызға көз жеткізіңіз. Міндетті түрде дәрігерге қаралып, кенені зертханаға тапсыру ұсынылады.

Шаққаннан кейін жағдайыңызды бақылаңыз. Дене қызуы көтерілсе, әлсіздік байқалса немесе шаққан жерде қызару пайда болса, дереу дәрігерге жүгініңіз», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен.

Бұған дейін Астанада қыс мезгілінен кейінгі санитарлық тазалау жұмысы жүріп жатқанын жазғанбыз.