80-нен астам құқықбұзушылық анықталды: Астанада азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді

80-нен астам құқықбұзушылық анықталды: Астанада азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс туралы қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ділмұрат Имінов Коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған жүйелі және жедел шаралар кешені жүзеге асырылуда. Шамамен 24 мың тонна өнім жеткізуге келісімшарттар жасалып, оларды өткізу 190-нан астам сауда орны арқылы ұйымдастырылған.

«Қосымша ретінде сауда желілерімен сауда үстемесін 10 пайыздан асырмауды көздейтін келісімдер жасалды. Бұл бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Қабылданған шаралар оң динамика көрсетіп отыр: 2024 жылдың қорытындысы бойынша дефляция деңгейі 98,9% болды, 2025 жылы инфляция 107,4 пайызды құрады. 2026 жылдың басынан бері Астанада баға индексі 101,1% деңгейінде қалыптасты, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Бұл бағаны реттеу және азық-түлік тұрақтылығы саласында жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін растайды», – деді спикер.

Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия нарықтағы бұзушылықтарды жүйелі түрде анықтауда. Жыл басынан бері 32 отырыс өткізіліп, сауда үстемесінің рұқсат етілген деңгейден асуына қатысты 80-нен астам іс тіркелген.

Сонымен қатар күн сайын баға мониторингі жүргізіліп, жеткізушілердің келісімшарттық міндеттемелерді орындауын бақылау жүргізіледі. Бұл тауар жеткізу тізбегінің ашықтығын арттырады.

Маңызды бағыттардың бірі – агроөнеркәсіп кешенін және логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

Жол картасы аясында жалпы сомасы 180 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 1,6 мың жұмыс орны құрылуда. Қосымша ретінде 40 млрд теңгеден астам инвестиция көлемімен аграрлық-индустриялық аймақ құру және логистикалық парк қалыптастыру жоспарланып отыр.

«Қалалық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі – сауда саласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Нарықтар мен сауда ойын-сауық орталықтарына бейінді ведомстволардың қатысуымен тұрақты түрде тексерулер жүргізіледі. Онда санитарлық нормаларды, өрт қауіпсіздігі талаптарын және салық заңнамасын сақтау ерекше назарда болады. 2026 жылдың басынан бері 15 заңсыз сауда нысаны демонтаждалды, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 225 болған. Сонымен қатар металл сынықтарының айналымы саласындағы заңсыз қызметтің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін 2024 жылдан бастап міндетті лицензиялау енгізілген. Жалпы, Астанада жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыс экономиканың және әлеуметтік саланың негізгі бағыттарын қамтып, әрі қарайғы өсім үшін берік негіз қалыптастыруда», – деді спикерлер.

Бұған дейін Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау күшейтілгенін жазған едік.