Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді

Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді. Ел өңірлерімен қатар елордада да арнайы мониторингтік топтар жұмысын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Олардың негізгі міндеті – әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу.

Мониторингтік топ құрамында сауда департаменті, әкімдік, мемлекеттік кірістер органдары және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері бар.

Азық-түлік бағасын қаладағы ірі сауда нысандарында комиссиямен бірге Астананың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев тексерді.

Негізгі мақсат – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу және тиімсіз делдалдық схемаларды анықтау.

«Бүгін өңірлік комиссия мүшелерімен бірге қаланың ірі базарларын аралап шықтық. Негізгі міндет – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг жүргізу және делдалдық схемаларды анықтау. Қазіргі таңда түсіндіру жұмысы жүргізіліп, ет өнімдеріне – сиыр, жылқы және қой етіне баға бақылауы қойылды», – деді Мақсат Жанабаев.

Мұндай тексерістер тұрақты түрде жүргізіліп, астаналықтар үшін азық-түлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында азық-түлікті қымбаттатқандарға 55 млн теңге айыппұл салынған еді.