Енді баспанадан шығарудан 10 күн бұрын борышкерлерге міндетті хабарлама жіберіледі

Бүгін, 11:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Енді баспанадан шығарудан 10 күн бұрын борышкерлерге міндетті хабарлама жіберіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мәжіліс бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Депутаттар бастамашы болған заң жобасында атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құжат бойынша, борышкерді баспанадан шығарудан 10 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету тәртібі енгізіледі. Бұл шара азаматтарға дайындалуға және басқа баспана табуға мүмкіндік береді.

Баламен қарым-қатынас тәртібіне қатысты атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлерді бірыңғай тізілімге енгізуге жол берілмейді.

Бітімгерлік келісім жасасу үшін атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейін тоқтата тұру мүмкіндігі көзделіп отыр», - делінген хабарламада.

Егер атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өткен болса, барлық мәжбүрлеп орындау шараларының күшін жою туралы норма енгізіледі.

Бұдан бөлек, атқарушылық құжатты соңғы орындаған және іс жүргізуді тоқтатқан сот орындаушысына басқа сот орындаушылары салған барлық тыйым салулардың күшін жою құқығы беріледі.

Еске сала кетейік, энергетика кәсіпорындарының қызметкерлеріне жеңілдетілген ипотека беріледі.