Энергетика кәсіпорындарының қызметкерлеріне жеңілдетілген ипотека беріледі
Қазіргі уақытта генерация секторында кадрлық ресурстарды дамытуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы аясында энергетика саласының кадрлық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Қазіргі уақытта генерация секторында бірқатар құрылымдық мәселелер байқалады, оның ішінде қызметкерлердің орташа жасының жоғары болуы, білікті мамандар тапшылығы және заманауи цифрлық технологиялар мен автоматтандыру саласында құзыреті бар жас мамандардың келуінің жеткіліксіз болуы бар.
Осыған байланысты кадрлық ресурстарды дамытуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған.
Сонымен қатар энергетика саласының тартымдылығын арттыру бойынша жұмыс күшейтіледі. Атап айтқанда, еңбек жағдайларын жақсарту және қызметкерлердің әлеуметтік пакетін дамыту бойынша шаралар қарастырылған.
«Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Энергетика кәсіпорындарының қызметкерлерін баспанамен қамту үшін жұмыс берушілердің қатысуын көздейтін «Отбасы банк» АҚ-ның «Корпоративтік» бағдарламасы негізінде жеңілдетілген несиелеу тетігін пайдалана отырып, корпоративтік тұрғын үй бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, елімізде көмір электр станцияларының шығарындысы 34 пайызға қысқарады.