Елімізде көмір электр станцияларының шығарындысы 34 пайызға қысқарады
Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Оның аясында жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы станцияларды заманауи экологиялық шешімдер негізінде жаңғырту қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаларда қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған «таза көмір» технологиясын енгізу көзделген. Жаңа станциялар аса жоғары бу мен температураның критикалық параметрінде жұмыс істейді, бұл электр энергиясын өндіру тиімділігін 5–6%-ға арттырып, көмір шығынын азайтуға және зиянды шығарындыны төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар түтін газдарын тазартуға арналған заманауи жабдықтар орнатылады, оның ішінде шаң мен күлді ұстауға арналған электрофильтрлер мен қап сүзгілер, азот оксидтерінің шығарындысын азайтатын селективті каталитикалық қалпына келтіру жүйелері, сондай-ақ түтін газдарынан күкірт қосылыстарын жоятын десульфурация қондырғылары қарастырылған.
Бұған қоса, қолданыстағы көмір электр станцияларын ең озық қолжетімді технологияларды енгізе отырып кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарлануда.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде көмір электр станцияларындағы зиянды заттар шығарындылары 34%-ға қысқарып, негізгі генерациялайтын жабдықтардың тозу деңгейі төмендейді және энергия жүйесінің сенімділігі артады.
Еске сала кетсек, жаңа ЖЭО-ларда «таза көмір» технологиясы енгізіледі.