Қазақстан мен Түркия ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында күш біріктіреді

Қазақстан мен Түркия ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында күш біріктіреді
Фото: АШМ

Астанада агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу тақырыбына арналған өңірлік техникалық семинар өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz  АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырды.

Семинарға Қазақстан мен Түркияның жетекші сарапшылары, ғылыми және технологиялық ұйымдардың өкілдері жиналып, өзара тәжірибе алмасып, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саласында ортақ шешім қабылдауға белсене қатысты.

Түрік мамандары АӨК мониторингі мен басқаруына арналған кешенді АТ-платформаларын таныстырды. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің ашықтығын арттыруға және ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігін бақылауға бағытталған жасанды интеллектті қолдану мысалдарын көрсетті.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері агроөнеркәсіптік саланы цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар мен негізгі ақпараттық жүйелер туралы мәлімет берді.

Жиында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жер мониторингі мен дәлме-дәл картографиялау құралдарының мүмкіндіктерін таныстырды. Astana IT University мен Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) өкілдері ауыл шаруашылығына арналған машиналық оқытуға негізделген қолданбалы шешімдерді ұсынды.

Семинарда агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект енгізудің басым сценарийлер матрицасы жасалды.

Сонымен қатар кездесуде тараптар Түркия еліне жауапты техникалық сапар ұйымдастыруға келісті. Онда қазақстандық мамандар цифрлық платформалардың жұмысымен танысып, озық тәжірибелерді отандық нарыққа бейімдеу мүмкіндігіне ие болмақ.

Бұған дейін GITEX AI Kazakhstan жобасы Орталық Азиядағы цифрлық экономикаға тың серпін беретінін жазған едік.