Астанада 500-ден астам есірткі сайты бұғатталды

Астанада 500-ден астам есірткі сайты бұғатталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды , деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында ведомствоаралық штабтың бірінші тоқсандағы жұмысының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер, сондай-ақ атқарушылық тәртіпті күшейту мәселесі айтылды.

«Қазіргі жағдайда есірткі заттарының 90%-ы байланыссыз тәсілмен сатылады, сондықтан біз есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тәсілін өзгертіп, онлайн сату арналарының жолын кесуге және анықтауға басымдық беріп отырмыз. 562 есірткі сайты бұғаттауға жіберілді, олардың ішінде жастар арасында кең таралғаны да бар, күмәнді операциялары бар 378 карта бұғатталды. 369 оқиға анықталды, оның ішінде 125 сату фактісі бар. Заңсыз айналымнан 45 келі 521 гр түрлі есірткі, оның ішінде 15 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалауға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды, 75-тен астам есірткі граффити өшірілді. «Күлдіргіш газды» пайдалануға қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды, заңсыз айналымнан 70-тен астам баллон тәркіленді», - деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Әбікен.

«Ең алдымен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жастар арасында күшейту қажет, әсіресе демалыс кезеңі жақындап келеді. Осы жазда елордада спорт, киберспорт бағытындағы көптеген бұқаралық іс-шара өтеді, олардың аясында жастарды кең қамтитын ірі есірткі қылмысына қарсы акциялар ұйымдастыруға болады», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан.

Сондай-ақ ол есірткі бизнесіне қарсы күрес үшін IT-технологияларды дамыту қажеттігін атап өтті. Оның ішінде қала көшелерінде есірткі жасырып кетушілерді және есірткі граффитиін салушыларды анықтау да бар.

Отырыс барысында сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерді еңбек және қоғамдық қызметке тарту, елорданың қоғамдық көлік жүргізушілерін жүйелі түрде наркологиялық тестілеу мәселелері қаралды.

Еске сала кетсек, ШҚО-да синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды.