ШҚО-да синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» принципі аясында ел аумағында есірткі өндірісінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметі жойылды.
«26 және 22 жастағы екі күдіктінің заңсыз әрекеті тоқтатылды. Олардың шалғай ауылдардың бірінде үй алып, сол жерде синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырғаны анықталды.
Жедел іздестіру іс-шаралары мен тінту барысында заңсыз айналымнан зертханалық жабдықтар, 70 келі дайын синтетикалық «Альфа-PVP» өнімі, сондай-ақ шамамен 4 тонна химиялық реагенттер мен прекурсорлар тәркіленді.
Тергеу барысында қылмыстық әрекеттің интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы қашықтан жүргізілгені анықталды».
Заңсыз айналымға шамамен 250 мың бір реттік доза жіберілмеді. Бұл – жүздеген адамның өмірін сақтап, азаматтардың, әсіресе жастардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік берді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Есірткі өндірісін ұйымдастырушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, Шымкент тұрғыны қаржы айналымы 557 млн теңге болатын интернет казино ұйымдастырған.