Шымкент тұрғыны қаржы айналымы 557 млн теңге болатын интернет казино ұйымдастырған
Шымкент тұрғыны мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жасырын интернет казиноны ұйымдастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, покер ойнауға арналған «Texas Holdem» қосымшасында «Vendetta» және «AMG600L» атты ойын клубы құрылып, олар «Nomad» желісіне біріктірілген.
«Аталған клуб тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстаннан бөлек Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдердің ойыншыларын да тартқан. Клиенттер санын көбейту үшін мессенджер арқылы хабарлама жіберіліп, түрлі бонус мен ынталандыру жүйесі қолданылған.
Ойыншылар есепшотын банк шотына ақша аудару арқылы толтырып, соның негізінде ойынға қатысуға мүмкіндік беретін «фишкалар» алған. Ұтқан жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың картасына аударылып отырған.
Ұйымдастырушылардың табысы әр ойын үстелінен алынатын 3–5% көлеміндегі комиссия («рейк») есебінен қалыптасып, тұрақты кіріс әкеліп отырған. Сонымен қатар ойыншыларды ұстап қалу үшін оларға виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де қолданылған», делінген хабарламада.
Қаржыны «дропперлердің» банк шотына аударған, оның ішінде шетел азаматының шоты пайдаланылған. Оларға 100–200 мың теңге көлемінде сыйақы төленген. Аталған шоттардағы ақша айналымы 557 млн теңгеден асқан. Осы ойынға қатысушылар кей жағдайда 30 млн теңгеге дейін шығынға ұшыраған.
Тінту барысында ұйымдастырушының тұрғылықты жерінен есірткі табылып, тәркіленді. Екі күдікті үйқамақ алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске сала кетсек, Boxy Wealth қаржы пирамидасына қазақстандықтар 110 млн теңге қаржы салған.