Астанада жол ережесін бұзған көлікті ақылы түрде эвакуациялау жүйесі енгізілді

Астанада жол ережесін бұзған көлікті ақылы түрде эвакуациялау жүйесі енгізілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордада жол ережесін бұзғаны үшін көлікті ақылы түрде эвакуациялау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, бүгіннен бастап Астанада арнайы эвакуаторлар жұмыс істеп, ереже бұзған жүргізушілердің көлігін коммуналдық тұрақтарға жеткізеді. Бұл шешім көлік жүйесін кешенді дамыту аясында қабылданған. Себебі дұрыс қойылмаған көліктер жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіріп, қауіпсіздікке әсер етеді.

Орталық директоры Марат Сәдуовтің айтуынша, тұрақ және аялдау ережесін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін азайтады. Бұл өз кезегінде кептеліске себеп болып, қозғалысты шектейді. Бүгінде елордада келіп-кететін көліктерді қоса есептегенде 600 мыңнан астам автокөлік бар. Автоматтандырылған жүйелер күн сайын екі мыңнан астам осындай құқықбұзушылықты тіркейді.

Мәслихат шешіміне сәйкес, ең алдымен жаяу жүргінші өткелінде, тротуарда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орында дұрыс қойылмаған көлік эвакуацияланады.

«Эвакуация адам көп жиналатын, тыйым салу белгісі орнатылған және қозғалысқа кедергі келтіретін аумақтарда жүргізіледі. Процесс толық цифрландырылған: арнайы жүйе құқықбұзушылықты тіркеп, мәліметті полицияға жібереді. Кейін көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама жолданып, шешім қабылданады. Эвакуация туралы қаулыны полиция қызметкері цифрлық сервис арқылы рәсімдейді», делінген хабарламада.

Егер жүргізуші құқықбұзушылықты сол жерде түзесе, көлік эвакуацияланбайды, тек әкімшілік шара қолданылады.

Ал көлігін таппай қалған жүргізушілер 102 немесе 112 нөміріне хабарласуы тиіс. Көлікті алу үшін полиция департаментінің әкімшілік тәжірибе бөліміне жүгініп, рұқсат алып, арнайы тұрақтан алып кетуі қажет. Эвакуация құны 3 АЕК, ал тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.

Еске слаа кетсек, Астанада Абай даңғылының бір бөлігі уақытша жабылды.