Астанада Абай даңғылының бір бөлігі уақытша жабылды

Бүгін, 09:48
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Абай даңғылының бір бөлігі уақытша жабылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада Абай даңғылының Республика даңғылынан Ә.Сембинов көшесіне дейінгі учаскесінде орташа жол жөндеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осыған байланысты, 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында көрсетілген учаскеде көлік қозғалысы ішінара жабылады.

«Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады.

Осы өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қала бойынша қозғалыстарды жоспарлау кезінде оларды алдын ала ескеруді сұраймыз», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Астанада «Нұрлы жол» вокзалына қатынайтын үш автобустың жүру бағыты өзгерді.