Педагогтер қағаз және электрондық форматта бір мезгілде есеп жүргізу міндетінен босатылады
Мәжіліс «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы» заң жобасын, сондай-ақ оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл құжаттар Мемлекет басшысының педагогтердің құқығы мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейтуге бағытталған тапсырмасын орындау мақсатымен депутаттардың бастамасымен әзірленді.
Негізгі заң жобасында педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігін тек оқу процесі кезінде ғана белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі кеңейтіледі.
«Есептілікті бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай ережелері белгіленеді.
Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде мектеп оқушыларын ғылыми жұмысқа тарту шаралары қарастырылған», - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Үкіметтің бастамасымен заң жобасы жетекші шетелдік университеттердің Қазақстанда тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған құқықтық реттеуді енгізеді. Филиалдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары сақталған жағдайда ашылады.
Еске сала кетейік, елімізде жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар күшейтіледі.