Елордада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
1 сәуірден бастап елорда аумағында Көлік министрлігі, Полиция департаменті және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейтуге бағытталған рейд өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Негізгі назар инертті материалдарды тасымалдайтын жүк көліктерінің белгіленген салмақ және габарит талаптарын сақтауына аударылып отыр.
Бақылау шаралары қалаға кіретін негізгі бағыттарды, сондай-ақ құрылыс материалдары жиі тасымалданатын көшелерді қамтиды.
Күшейтілген тексеру аясында 6 жылжымалы көліктік бақылау бекеті іске қосылды. Сонымен қатар, еліміздің 17 өңірінен көліктік бақылау инспекторлары тартылды.
«Рейд басталғалы бері шамамен 622 автокөлік тексеріліп, оның нәтижесінде 347 құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде артық жүктеу фактілері тіркелген. Барлық анықталған заңбұзушылық бойынша жалпы сомасы 92 млн теңгеден асатын айыппұл салынды», делінеді хабарламада.
Бұл шаралар жол инфрақұрылымын сақтау, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын тозуына жол бермеу мақсатында жүргізілуде.
Еске салсақ, Астанада жол ережесін бұзған көлікті ақылы түрде эвакуациялау жүйесі енгізілді.