Олжас Бектенов: Цифрландыру және ЖИ жобаларына басым қолдау көрсетілуі тиіс

Бүгін, 11:44
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Олжас Бектенов: Цифрландыру және ЖИ жобаларына басым қолдау көрсетілуі тиіс
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық шешімдері бар жобаларды жүзеге асыруға жеке секторды белсенді тарту қажеттігін, сондай-ақ қаржыландыруда ЖИ қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсетілуі қажет екеніне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Біз жасанды интеллект саласында мемлекеттік бастамалармен ғана шектеліп қалмауымыз керек.

Жеке сектор мен оның бастамаларын белсенді түрде тарту мақсатында экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу қажет.

Шешімдерді кеңінен тарату үшін бизнесте технологиялық икемділік, құзыреттілік және жылдам жүзеге асыру тәжірибесі бар.

Біз қазірдің өзінде жеке компаниялардың осы бағытта жақсы нәтижелерін көріп отырмыз.

Мұндай мысалдар экономиканың барлық саласында міндетті түрде кеңінен таратылуы керек. Қаржы институттары, ең алдымен, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсеткені жөн», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллектіні дамытуға жүйелі тәсілді қамтамасыз ету және жүзеге асырылып жатқан бастамаларды үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің пилоттық бастамалар деңгейінде қалып қоймай, оны отандық экономиканың нақты драйверіне айналдыру үшін бізден жүйелі шешімдер күтеді.

Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет.

Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап, сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді», - деп атап өтті Премьер-министр.

Бұған дейін Олжас Бектенов жасанды интеллект үшін есептеу инфрақұрылымының қуатын ұлғайтуды тапсырды.