Премьер-министр жасанды интеллект үшін есептеу инфрақұрылымының қуатын ұлғайтуды тапсырды

Премьер-министр жасанды интеллект үшін есептеу инфрақұрылымының қуатын ұлғайтуды тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан сұраныстың өсуі аясында ЖИ үшін есептеу инфрақұрылымын ұлғайту қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымның даму деңгейі маңызды рөл атқарады. Елімізде Alem.Cloud және AL Farabium өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері орналасқан. Олар жаһандық TOP-500 рейтингіне кіреді.

Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімін әзірлеу үшін суперкомпьютердің есептеу қуатын бөлуге қатысты өтініштер саны артты.

Бұл қолданыстағы көлемдерді ұлғайту және осындай ресурстарды бөлудің икемді саясатын әзірлеу қажеттігін көрсетеді.

Жасанды интеллект министрлігі есептеу қуатының шектеулі болуы тежеуші факторға айналып кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдау керек», - деп атап өтті Премьер-министр.

Еске сала кетсек, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселелері қаралды.