Нидерланд сарапшылары қазақстандық оқушылар мен студенттерге суға ұқыпты қараудың маңызын түсіндірді

Нидерланд сарапшылары қазақстандық оқушылар мен студенттерге суға ұқыпты қараудың маңызын түсіндірді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астана қаласындағы Ә. Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде «Суды үнемде - болашақты сақта!» атты экосағат өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, «Адал азамат» мемлекеттік тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырды.

Жиынға Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нико Схермерс, Делфт су білім беру институтының (IHE Delft) су ресурстарын басқару департаментінің басшысы Дженифер Сэринг және Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов қатысты.

Спикерлер оқушыларға суды үнемдеудің озық халықаралық тәжірибелері туралы айтып, тұрақты болашақты қалыптастырудағы жастардың рөлін талқылады.

Сонымен қатар пікірталас ұйымдастырылып, қонақтар оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Жалпы экосағатқа №38 мектеп-лицейінің 7-11 сыныптарында оқитын 130 оқушы қатысты. Онлайн форматта Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан мектептер мен колледждер қосылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, суға ұқыпты қарау әрбір азамат үшін қалыпты қағидаға айналуы тиіс. Бұл әсіресе климаттың өзгеруі салдарынан су ресурстары азайып жатқан қазіргі кезеңде аса маңызды. Сонымен қатар елімізге судың шамамен 44%-ы басқа мемлекеттерден келеді, сондықтан оны ерекше қадірлеп, үнемдеу қажет. Бүгінде су саласында мыңдаған маман еңбек етеді. Мүмкін сіздердің араларыңыздан болашақта осы саланы таңдайтындар бар шығар. Алайда басқа мамандықты таңдасаңыздар да, әрқайсыңыз тұрмыста және жұмыста суды үнемдеу, ұқыпты әдеттерді қалыптастыру және мүмкіндігінше суды қайта пайдалану арқылы маңызды үлес қоса аласыздар. Суға деген жауапкершілік – мамандыққа қарамастан баршаға ортақ міндет», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов. 

Экосағат аясында №38 мектеп-лицейінің оқушыларының су тұтынуды тиімді пайдалану саласындағы экологиялық жобалары таныстырылды.

Сондай-ақ шағын гидроэнергетика тақырыбындағы ғылыми жоба ұсынылды. Бұдан бөлек, оқушылар қонақтарға «Тамшыдан тамшыға – болашақ біздің қолымызда» атты суды үнемдеудің маңыздылығы туралы театрландырылған қойылым көрсетті. Экосағат соңында оқу орнының ауласында су үнемдеуге мүмкіндік беретін гидрогель технологиясын қолдана отырып ағаш отырғызылды. 

Бұған дейін астаналық оқушының әр қазақстандықтың қанша су тұтынатынын есептейтін платформа әзірлегенін жаздық