100 мыңнан астам мектеп түлегі елімізді көгалдандыруға атсалысты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджі өтті. Ізгі бастама жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған кең ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанның барлық білім беру ұйымында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» жарияланып, оның аясында «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» және басқа да бірқатар республикалық акция ұйымдастырылды. Бұл бастама өскелең ұрпақты кітап оқуға, қайырымды істерге баулуға, сондай-ақ қоршаған ортаға деген қамқорлық пен экологиялық мәдениеттілікті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерде тазалау қолға алынды.

Ағаш отырғызу эко-челленджі дәстүрлі шараға айналды. Биыл ол төртінші жыл қатарынан еліміздің барлық білім беру ұйымында тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Биылғы эко-челленджге 9 және 11 сыныптардың 100 мыңнан астам оқушысы қатысты. Олар мектеп аумақтарында, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде ағаш отырғызып, елдімекендерді көгалдандыруға үлесін қосты.
Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын «Келешек мектептері» жобасының оқушылары да сенбілікке қатысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді үлес қосқан болатын.
