Сұлтанбек Айбарұлы: Екі әлем кубогын жеңу – еңбектің нәтижесі
Қазақстандық боксшы Сұлтанбек Айбарұлы қысқа уақыт ішінде екі мәрте әлем кубогының чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол Бразилиядағы жарыс, қиын жағдайларға бейімделу, жеке өміріндегі өзгерістер және алдағы мақсаттары туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- Әлем кубогында 2 мәрте чемпион атанған алғашқы қазақстандық боксшы атандыңыз. Қандай сезімдесіз?
- Ұзақ жылдық жаттығудың жемісі – жеңіс тұғырына медаль тағу деп санаймын. Сондықтан еңбегімнің ақталып жатқанына қуаныштымын. Өздеріңіз білетіндей, 2025 жылы Семейде өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлде алып, халықаралық жарыстарға жол ашылды. Жарты жылдың ішінде Үндістандағы финалдық әлем кубогы мен Бразилиядағы әлем кубогында топ жардым. Ал ақпан айында «Странджа» турнирінде әлем чемпионы Акмалжан Исроиловты алғашқы раундта жеңгеніммен, басымдықты ұстай алмадым. Бірақ сол жекпе-жек үлкен тәжірибе болды. Әр жарыс сайын өзімнің шеберлігімді өсіре беремін деген сенімдемін.
- Бразилиядағы әлем кубогының басталуына 2 күн ғана қалғанда бардыңыздар. Климат пен уақыт айырмашылығына қаншалықты тез бейімделдіңіз?
- Әсері болды, оны жасыруға болмайды. 9 сағаттық айырмашылық, 30 градус ыстық – ағзаға оңай емес. Бірақ кәсіби спортта мұндай жағдайға дайын болуың керек. 2–3 күнде бейімделіп үлгердік. Оның үстіне рингке шыққанда бәрін ұмытып, тек жекпе-жекке назар аударасың.
- Бразилиядағы әлем кубогына 50 ел қатысты. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Сіздің салмағыңыздағы бәсекелестік қалай болды? Қай жекпе-жек қиынға түсті?
- Сырттан қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Алайда әр жекпе-жектің артында үлкен еңбек жатыр. Италия, Германия, Бразилия боксшыларымен кездестім. Бәрі де мықты. Әрқайсысы өзінше қауіпті. Сондықтан «жеңіл өтті» деп айта алмаймын.
- 85 келіде сіз қарсыласыңызға қарағанда бойыңыз бен қолыңыз әлдеқайда ұзын болып көрінеді. Жұдырықтасу барысында осы артықшылық берді ме?
- Иә, сол артықшылықты барынша қолдануға тырысамын: ара қашықтықты сақтау, қарсыласты жақындатпау. Бірақ тек физикалық параметрге сеніп қалуға болмайды. Техника мен тактика бәрібір бірінші орында тұрады.
- Жақында ғана отбасын құрдыңыз. Жеке өміріңіздегі жаңалық спорттық мансабыңызға қаншалықты әсер етіп жатыр?
- Шынымды айтсам, оң әсер етті. Үйленгеннен кейін жауапкершілік артты. Қазір тек өзім үшін емес, отбасым үшін де еңбек етіп жүрмін. Соның нәтижесі шығар, алғашқы жарысымда-ақ жеңіспен оралдым.
- Бразилиядағы әлем кубогынан кейін біраз уақыт тынығасыздар ма? Алдағы жоспарыңызда қандай жарыс бар?
- Елге барғаннан кейін аздап тынығып, келесі оқу-жаттығу жиынына аттанамын. Жоспарға келетін болсақ, оны бас бапкер шешеді. Менің міндетім – сенімді ақтап, 85 келіде көшбасшы екенімді дәлелдеу.
- Ел ішінде көп боксшы салмақ ауыстырып, қазірден Азия ойындары мен Олимпиадаға дайындалып жатыр ғой. Сіз де таласып көруге тырыспайсыз ба?
- Ересектер арасында спорттық жолым енді ғана басталып жатыр. Біріншіден, 85 келіде өзімді дәлелдеуге тиіспін. Қазіргі салмағымда да әлем кубогы, әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сынды ірі жарыстарда үздік болуым керек. Қалғаны уақыт еншісінде деп санаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!