Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қандай іс-шаралар өтеді
Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды әрі мазмұнды бағдарлама әзірленді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын фестивальдер, концерттер, жәрмеңкелер, спорттық және отбасылық іс-шаралар күтеді. Барлығы 60-қа жуық іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Негізгі мерекелік іс-шаралар 1 мамыр күні өтеді. Бұл күні Достық үйінің алаңында «Қазақстан – бірлік мекені» фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтарға ұлттық тағамдар, қолөнер көрмелері, шеберлік сағаттары мен концерттік бағдарлама ұсынылады.
Қалалық концерттік бағдарламалар бірнеше көрнекті орында қатар өтеді:
- «Жетісу» саябағында;
- Есіл өзенінің жағалауындағы Арбат аумағында;
- «Жастар» сарайында.
1 мамыр күні сағат 12:00-де Қалалық алаңда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтеді.
Спорт сүйер қауым үшін Триатлон саябағында жазғы маусымның ашылуы ұйымдастырылады. Бағдарламада 5 км қашықтыққа жаппай жүгіру, 400 метрлік балалар жарысы, скандинавиялық жүріс, сондай-ақ футбол, волейбол және 5×5 баскетбол бойынша командалық турнирлер қарастырылған.
Сонымен қатар жеке күш сынасу жарыстары мен ашық жаттығулар (йога, street workout, жекпе-жек өнері) өткізіледі.
Осы күні «Жерұйық» саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ал «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде тұрғындар арасында шахмат турнирі өтеді.
Мереке қарсаңында, 30 сәуір күні елордада мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылады. Ірі шаралардың бірі – әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Достық керуені» этно-стрит арт фестивалі. Фестиваль аясында этнографиялық көрмелер, ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сағаттары, достық шеруі және концерттік бағдарлама жоспарланған.
«Байқоңыр» ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған жаңа аулалардың салтанатты ашылуы өтеді. Сонымен қатар тұрғындардың қатысуымен аниматорлар мен мерекелік бағдарламалар қамтылған «Аула күні» форматы ұйымдастырылады.
30 сәуір күні ЭКСПО аумағында мемлекеттік ту көтеру арқылы патриоттық акция өтеді. Оған жастар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысып, жалпыұлттық бірліктің негізі ретінде мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетеді.
Сол күні «Сарайшык» ауданында белсенді жастардың қатысуымен «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында экологиялық іс-шара өтеді.
«Жанұя» орталығында «Бейбітшілік – ел тілегі» атты салтанатты жиын, «Қамқор» орталығында «Бірлігіміз жарасса – біз жеңілмейміз» атты іс-шара, ал Достық үйінде «Мәміле» пікірталас клубының отырысы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ 30 сәуір күні Достық үйінде қоғам және саяси қайраткерлердің қатысуымен «Халық Конституциясы – бірлік пен дамудың келешегі» атты конференция өтеді.
Осы күні Баршын көшесі, 30/2 мекенжайындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде этномәдени бірлестіктер арасында үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, «Байқоңыр» ауданында тұрғындар арасында тоғызқұмалақ, асық ату және армрестлинг бойынша ұлттық спорт жарыстары өтеді.
Мерекелік іс-шаралар 2-3 мамыр күндері де жалғасады. Бұл күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері (соның ішінде «Keryen Joly» сауда орталығы аумағында), сауда ойын-сауық орталықтарында концерттер және «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Барлық іс-шара қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық өзара іс-қимылды дамытуға және бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Бұған дейін мамыр айында қазақстандықтар қанша күн демалатынын жазған болатынбыз.