Астана – Үрімжі рейсі қайта жанданады
FlyArystan әуе компаниясы 2026 жылғы 31 мамырдан бастап Астана – Үрімжі – Астана бағыты бойынша тікелей рейстерді қайта іске қоcылатынын жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Осылайша, ең сұранысқа ие халықаралық бағыттардың бірі қайтадан ұшу кестесіне енгізіліп, Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе байланысы нығая түседі.
«Астана – Үрімжі рейсінің қайта жандануы – біздің командамыздың мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізген ауқымды әрі жүйелі жұмысының нәтижесі. Біз үшін бағыттарды жай ғана қайта ашу емес, тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етіп, жолаушылардың нақты сұранысын қанағаттандыру маңызды. Қытай FlyArystan үшін стратегиялық нарық болып табылады, және біз бұл бағыттағы әуе қатынасын жүйелі түрде дамытып келеміз. Туристік және іскерлік ағынның айтарлықтай өсу әлеуетін ескеріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын одан әрі қолжетімді ету үшін маршруттық желіні кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл рейсті қайта іске қосып, тұрақты сұранысқа ие бағытты жолаушыларға қайта ұсынғанымызға қуаныштымыз», - деді «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
2026 жылғы 31 мамыр мен 23 қазан аралығында рейстер аптасына үш рет орындалады: Астанадан Үрімжіге – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері. Кері бағыттағы рейстер – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері.
2023 жылғы қыркүйекте іске қосылған FlyArystan Астана – Үрімжі бағыты Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік байланысының маңызды бөлігіне айналды. Рейстердің қайта жандануы екі ел арасындағы жолаушылар ағынын арттыруға, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне үлес қосады.
Билеттер әуекомпаниясының ресми сайтында, мобильді қосымшасында және басқа да сату арналары арқылы қолжетімді. Стандартты тарифке салмағы 7 кг-ға дейінгі (өлшемі 56×23×36 см-ден аспайтын) бір дана қолжүгі кіреді.
Еске салайық, бұған дейін Отандық лоукостер сұраныстың өсуіне байланысты Астана мен Ақтаудан ұшатын рейстерді көбейтіп жатқанын жаздық.