Ауыл шаруашылығына ЖИ мен спутниктік мониторинг енгізілуде - Бақтияр Оспанов
Қазақстанда ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру және шығындарды оңтайландыру мақсатында жасанды интеллект пен спутниктік мониторинг технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС басшысы Бақтияр Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, холдинг өндірісті басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне көшкен. Өзін-өзі жетілдіретін платформа нақты уақыт режимінде 5 мың қызметкердің жұмысын және ауыл шаруашылығы техникасының қозғалысын бақылап, деректерді үздіксіз жаңартып отырады.
Дәлме-дәл егіншілік аясында шаруашылықта NDVI спутниктік мониторинг жүйесі енгізілген. Жасанды интеллект дақылдардың жай-күйін талдап, қажетті су көлемін есептейді және егу кезіндегі қателіктерді анықтайды. Нәтижесінде агротехнологияларды ішінара түзету арқылы әр алқаптағы өнім сапасы 10–15%-ға артқан.
«Біздің цифрлық платформа тек есеп жүйесіне ғана емес, агробизнесті интеллектуалды басқару құралына да айналуда. Цифрлық платформаны енгізу қорытындысы бойынша біз мынадай нәтижелерге қол жеткіздік: операциялық шығындар 5-10%-ға төмендеді, өндіріс тиімділігі 10-20%-ға артты, адами фактордың ықпалы айтарлықтай төмендеді», деді спикер.
Еске салсақ, Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық студент мамандығына қарамастан жасанды интеллект пәнін оқитынын айтты.