Жетісу облысында Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі өтеді
Жетісу облысында Сиверс алма ағашының гүлдеуі фестивалі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
2 мамырда Жетісу облысында Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған ауқымды фестиваль өтеді. Іс-шара Жетісу Алатауының баурайында, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында ұйымдастырылады.
Фестиваль Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Іс-шара оқиғалық туризмді дамытуға және елдің мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.
Сиверс алмасы – қазіргі барлық мәдени алма сұрыптарының арғы тегі. Оның гүлдеу кезеңінде тау бөктерлері ақ-қызғылт реңктерге боялып, ерекше табиғи көрініс қалыптастырады. Бұл өз кезегінде экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды, делінген хабарламада.
Фестиваль аясында мазмұнды бағдарлама ұсынылады:
- гүлдеген алма бақтарының панорамалық көріністері;
- пленэр форматындағы көркемсурет байқауы;
- хедлайнерлердің қатысуымен мәдени-ойын-сауық бағдарламасы;
- ұлттық спорт ойындары;
қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сағаттары.
Фестиваль 2 мамыр күні Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Тополевка ауылында өтеді.
Ұйымдастырушылар тұрғындар мен қонақтарды осы бірегей құбылысты тамашалап, табиғат байлығын жақыннан тамашалауға шақырды.
еске салсақ, Жамбыл облысының тұрғындары экологиялық акция аясында бұлақ көздерін ашты.