Астрофизик: Айға қайта оралу – ғылым үшін жаңа кезең
Адамзат Айға қайта оралу дәуіріне қадам басты. «Артемис» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан зерттеулер ғарыш ғылымындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Бұл туралы Назарбаев университетінің оқытушысы, астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Артемис» бағдарламасы аясында төрт астронавт Айдың арғы бетін зерттеп, суретке түсіру үшін жіберілген болатын.
Ғалымның айтуынша, мұндағы миссиялардың басты мақсаты – Ай бетінде болып жатқан табиғи процестерді тереңірек түсіну.
«Негізгі ғылыми бағыттардың бірі – Ай бетіне түсетін соққыларды зерттеу. Яғни әртүрлі аспан денелері Айға қаншалықты жиі құлайды және олардың әсері қандай – осы сұрақтарға жауап ізделуде», - деді ғалым.
Оның сөзінше, бұл зерттеулер тек Айды ғана емес, жалпы Күн жүйесіндегі процестерді түсінуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ғалым адамзаттың Айға қайта бет бұруын тарихи оқиға деп бағалайды.
«Бұған дейін «Аполлон» бағдарламасы арқылы америкалықтар Ай бетіне қонған. Кейін бұл бағыттағы жұмыстар ұзақ уақыт тоқтап қалды. Қазір бұл зерттеулер қайта жанданып отыр. Бұл – ғарыш саласындағы үлкен серпіліс», - деді ол.
Бекдәулет Шүкірғалиев Қазақстанда да Айды зерттеуге қатысты жобалар бар екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда Физика-астрономия институты мен ғылыми ұйымдар Айды айналып жүретін телескоп жобасын әзірлеуде. Егер бұл бағдарлама алдағы онжылдықта іске асса, Қазақстан үшін жаңа ғылыми мүмкіндік ашылады», - деді астрофизик.
Оның айтуынша, мұндай жобалар елдің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі зерттеулерге жол ашады.
Айта кетейік, бұған дейін ғалым астрология мен нумерологияның ғылыми негізі жоқ екенін айтқан еді.