Мен оқыған 10 кітап: Спортшылардың таңдауы қандай

Мен оқыған 10 кітап: Спортшылардың таңдауы қандай
Фото: Жеке архивтерден алынды

Елордада Ұлттық кітап күніне орайластырылған «Мен оқыған 10 кітап» атты республикалық акциясы өтіп жатыр. Elordainfo.kz тілшісі осы игі шараға үн қосқан спортшылардың пікіріне құлақ түрді.

Акция аясында қатысушылар өзінің оқыған кітаптарын әлеуметтік желіде бөлісіп, кітаптың ой-өрісті кеңейтуге үлес қосатынын жеткізді. 

Бастамаға елордада ғана емес, республика деңгейінде танымал спортшылар да белсене қатысты.

Пара жеңіл атлет Айсұлу Сүлейменова «Артық білім – кітапта» челленджін қолдап, сүйікті кітаптарының қатарында Робин Шарманың «Феррариін сатқан монах» еңбегін ерекше атап өтті.

«Бала кезден кітап оқып өстім. Маған ең әсер еткен туынды – «Феррариін сатқан монах». Бұл кітап адамның өмірін өзгертуге, арманына жетуге көмектеседі. Егер бұл шығарма сізге де әсер етсе, нұр үстіне нұр. Сәттілік тілеймін!», – деді ол.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметов те акциядан шет қалмады.

«Кітап оқу - өз өміріңнің қожайыны болуға үлкен мүмкіндік береді. Кітап оқу арқылы миға ғана азық беріп қоймай, сыни ойлау қабілетін артады. Физикалық жаттығу секілді миға да тұрақты жаттығу қажет. Ол өте маңызды. Себебі, қазіргі қоғамда сыни ойлау деңгейі төмен болғандықтан, азаматтар көптеген мәселелерге ұрынып жатады. Оның салдарынан манипулицияның құрбаны боласың, маркетингке алданып қаласың. Осы орайда маған әсер еткен кітаптардың бірнешеуін айта кетейін: «Искусство быть тренером», «Tilbilpolyglot», «Ты же оратор» және т.б», - деп жазды Диас парақшасында.

Тағы бір елордалық садақшы Аида Құнанбайқызы әлеуметтік парақшасында өзінің шетелдік туындыларымен көпшіліктен ерекшелене білді. Ол Харуки Муракамидің «Норвег орманы», Стивен Кингтің «Өлі аймағы», Китами Масаоның «Қылышсыз самурайы», Гастон Лерудің «Опера елесі» және тағы басқа оқыған кітаптарының суретін жариялады.

«Уақыт өте келе түсінгенім – өмірлік тәжірибе бәрін үйретпейді. Кей нәрсені кітаптан ғана аласың. Оқылған әр шығарма ойды жүйелейді, көзқарасты өзгертеді. Кітап оқымайтын адам – өз тәжірибесін ғана қайталайды. Оқитын адам – өзінен де, басқадан да асып түседі», - деп №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысының орынбасары Жұбаныш Жидебаев та өз ойымен бөлісті.

Айта кетейік, «Мен оқыған 10 кітап» республикалық акциясы 30 сәуірге дейін жалғаспақ.