Жастар пікірі: Ғашықтар күні ұлттық таныммен, шынайы махаббат ұғымымен тығыз байланысты
15 сәуір – қазақтың төл Ғашықтар күніне орай елорда жастарының пікірін білдік. Жастардың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығы бұл күннің ұлттық таныммен, шынайы махаббат ұғымымен тығыз байланысты екенін айтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Астаналық жас тұрғын Құралай Пернебай бұл мереке оған жақын екен айтады.
«Маған бұл мереке ерекше жақын. Себебі оның астарында жай ғана сезім емес, адалдық, сертке беріктік сияқты терең мағына жатыр. Жалпы, махаббатты осындай ұлттық құндылықпен байланыстырып тойлау дұрыс деп ойлаймын. Астанада бұл күнге байланысты түрлі іс-шаралар өтіп жатады деп естимін. Бірақ шынын айтсам, бәріне бірдей барып жүрмеймін, көбіне әлеуметтік желіден көріп, біліп жатамын. Қазақтың өз Ғашықтар күні болғаны өте жақсы. Әр халықтың өзінің символы, өз тарихы болуы керек. Сондықтан осындай күннің болғаны – ұлттық болмысымызды көрсететін жақсы нәрсе. Таныстарымның арасында бұл күнді атап өтетіндер бар. Қазір жастар бір-бірін құттықтап, кішігірім сыйлық жасап, көңіл бөлуге тырысады. Кейбірі ерекше жоспар құрып, сол күнді есте қаларлықтай өткізгісі келеді. Жалпы, мұның бәрі адамдардың бір-біріне деген жылуын білдірудің бір жолы», – дейді ол.
Ал елордалық студент Асемай Байназарова бұл күн 14 ақпанға қарағанда өзінің қазақи танымыма ыстық әрі жақын сезілетінін жеткізді.
«Жеке басым бұл күнді арнайы атап өтпеймін. Әдетте концерттер, кештер, түрлі романтикалық ивенттер өтіп жатады. Негізі, қазақтың өз ғашықтар күні болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені ол біздің мәдениетке, тарихқа жақын. Бұл күннің мағынасы тереңірек. Тек сыйлық немесе романтика емес, махаббаттың жауапкершілігі, беріктігі туралы ойландырады. Ал оны атап өтетін таныстарым өте аз, бірақ көбісі бәрібір 14 ақпанды көбірек атап өтеді. Кейбіреулер екі күнді де атап өтіп жатады. Әркімнің жеке ұстанымына байланысты», – дейді ол.
Қаламыздың жас тұрғыны Алпысбаев Ерсұлтан бұл күнді оны атап өтіп, өз құндылығымызды дәріптегеуді ұсынады.
«Шын ғашықтар туралы аңыз, әпсана, жырлар өз тарихымызда өте көп. Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні біраз жылдан бері аталып өтіп келеміз. Атауының өзі қандай жағымды! Иә, бәлкім, қазақта қосыла алмай кеткен ғашықтар көп шығар, бірақ олар өз махаббаты үшін соңына дейін күрескен жандар ретінде ел есінде қалды. Меніңше, қазақтың осындай жеке ғашықтар күні болуы шарт. Оны атап өту өз құндылығымызды дәріптегенмен пара-пар», – дейді Ерсұлтан.
Астаналық ару Диана Қалдалы бұл мерекеге жақсы көзқараста екенін атап өтті.
«Ғашықтар күні қазақтың ең әйгілі махаббат хикаясы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу аңызына байланысты қалыптасқан ұлттық ғашықтар күні ретінде белгілі. Себебі бұл – біздің тарихымызбен, ұлттық танымымызбен тығыз байланысты мереке. Тек шетелдік мейрамдарды ғана емес, өзіміздің құндылықтарымызды да дәріптеп, ұмытпай сақтауымыз керек деп ойлаймын. Ал таныстарыма келетін болсам, иә, бұл күнді атап өтетіндер бар. Олар 15 сәуірде бір-бірін құттықтап, кішігірім сыйлықтар ұсынып жатады. Кейбірі арнайы уақыт бөліп, бірге серуендеп, осы күнді ерекше көңіл-күймен өткізуге тырысады», – дейді ол.
Жалпы, елорда жастарының пікірінен аңғарылғандай, 15 сәуір – тек ғашықтар күні емес, ұлттық махаббат ұғымын жаңғыртатын, сезім мен құндылықты қатар ұштастыратын ерекше күн.