«Таза Қазақстан»: Астанада мектеп түлектері жаппай ағаш отырғызу акциясына қатысты
Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Түлектердің ағаш егуі» республикалық ауқымды акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Акция аясында елорда мектептерінің түлектері ағаш отырғызу шарасына қатысты.
«Бүгін бүкіл ел бойынша мектеп түлектері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаппай ағаш отырғызуға шықты. Бұл бастама 9 және 11-сынып оқушыларын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған», делінеді хабарламада.
Акцияға Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен 100 мыңнан астам оқушы қатысты.
Астанада акцияның негізгі алаңы ретінде №111 орта мектеп белгіленді. Мұнда ағаш отырғызу іс-шарасына Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Серікқалиұлы, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы, сондай-ақ жүздеген оқушы мен педагог қатысты.




Мұндай акциялар тек аумақтарды көгалдандыру емес, сонымен қатар, жастар арасында тұрақты экологиялық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Осылайша табиғатты қорғауға қатысу күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналып келеді.
Еске салсақ, Астанада жас боксшылар «Таза Қазақстан» акциясын қолдады.