Өрт қауіпсіздігін бұзу бойынша 941 дерек анықталды – ТЖМ


Бұл туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ өкілі «Big Шанхай» базарында болған өртті мысалға келтіре отырып, өрт сөндірушілердің жедел қимылының арқасында үлкен аумақтағы өртті уақытында оқшаулау мүмкін болғанын атап өтті. Бүгінде өрт себебін анықтау бойынша сараптама жүргізіліп жатқанын және осы айдың соңына дейін қорытындысы дайын болатынын хабарлады.
«2023 жылы мораторий болғандықтан біз үлкен сауда үйлерін жаппай тексерген жоқпыз. Одан басқа уақытта 2 мың шаршы метр аумақтан астам жерді алып жатқан сауда үйлерін жыл сайын тексеріп келеміз. Осы жылы сондай 63 сауда нысанын тексердік. Өрт қауіпсіздігін бұзу бойынша 941 дерек анықталды. Қазіргі кезде салалық заңға көп өзгерістер енгізілген. Соның біреуі – көп адам жиналатын, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандары сақтандыруға жатады. Осындай оң өзгерістер өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады деп олаймын», - деді төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев.



