08.12.2025
RU
Мәзір

«Нәтиже жоқ»: косметологиялық көмекке көңілі толмаған әйел салоннан 1,2 млн теңгесін қайтарып алды

|
«Нәтиже жоқ»: косметологиялық көмекке көңілі толмаған әйел салоннан 1,2 млн теңгесін қайтарып алды
Фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылдың жазында Қостанай қаласының тұрғыны консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызмет үшін салонға 1 200 000 теңге төлеген. Алайда уәде етілген нәтижені көрмегендіктен келісімді бұзу және ақшаны толық қайтару туралы салон әкімшілігіне талап қойған. Салон бұл талап арызға жауап бермеген, сондықтан тұтынушы Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Департаменттің тексерісі салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар келісімшартқа тұтынушылардың құқықтарын шектейтін шарттарды, оның ішінде ақшаны қайтармау туралы ережені алып тастау жөнінде нұсқама берілді. Тұтынушыға сотқа жүгіну ұсынылды.

Сот барысында салонның дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізгені анықталды, себебі бұл қызметтер медициналық қызметтер қатарына жатады. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы қайтаруға міндеттеді.

«Бұл жағдай кәсіпкердің заң талаптарын орындауы міндетті екенін, ал тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз қызмет алу құқығына ие екенін тағы бір рет көрсетеді. Департамент өңір тұрғындарының құқықтарын тұрақты қорғайды және бақылауды күшейтеді», - деді Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы К.Акижанов.

Жыл басынан бастап департаментке 1 452 өтініш түсті. Оның 717-сі жазбаша, 106-сы Telegram-бот арқылы, 269-ы «жылдам желіге» телефон арқылы, ал 360 азамат жеке қабылдауда мамандардан кеңес алды. Тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту беріліп, 44 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 397 000 теңге айыппұл салынды.

Бұған дейін мемлекеттік сатып алу ережелеріне келісімшарттардың негізсіз қымбаттауын болдырмау үшін өзгерістер енгізілген болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗