Алматы облысы Қонаев қаласының соты ҚК 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған С.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2025 жылғы 7 ақпанда сот анықтағандай, 2025 жылғы 4 қаңтарда С. 2022 жылғы сот қаулысына сәйкес көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкогольдік масаң күйде автокөлік басқарған. Бұл факті медициналық куәландыру қорытындысымен расталды.
Автокөлікті Қонаев қаласы аумағында полиция қызметкерлері тоқтатқан.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді, жинақталған дәлелдемелерге тараптар қарсылық білдірмеді.
Жаза тағайындау барысында сот жасалған құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік деңгейін, сотталушының жеке басына қатысты деректерді, сондай-ақ кінәні мойындау, шын жүректен өкiну, кәмелетке толмаған екі баласының болуы және бұрын сотталмағаны сияқты жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескерді.
Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Қазақстан Республикасы ҚК 346-бабының 1-бөлігі бойынша С. кінәлі деп танылсын және оған ең төменгі қауіпсіздікті мекемеде өтей отырып, 1 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойы айыру қолданылсын», - делінген Алматы облысы Қонаев қалалық сотының хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.