Астанада емделуге келетін шетелдік пациенттер саны артып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жақында ғана канадалық пациент емделу үшін Астанаға арнайы келген болатын.
Астана – JCI аккредиттелген клиникалар саны бойынша Қазақстандағы көшбасшы қала. Бұл пациенттердің қауіпсіздігін, емдеу хаттамаларының стандартталуын, персоналға қойылатын жоғары талаптарды және рәсімдердің сапасын қамтамасыз етеді.

JCI – бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау мекемелерінде жоғары халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарын растайтын коммерциялық емес ұйым. Бұл аккредитацияны алу денсаулық сақтаудағы «алтын стандарт» болып саналады және клиниканың халықаралық денсаулық сақтау талаптарына сәйкестігін көрсетеді.
Осы аккредитациядан өткен 9 қазақстандық клиниканың 7-еуі Астанада орналасқан. Олардың қатарында Ұлттық кардиохирургия орталығы, UMIT халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы сияқты клиникалар бар.
2024 жылы шамамен 4,5 мың шетелдік пациент JCI стандарттары бойынша ем алды. Олардың қатарында чекап бағдарламалары, репродуктивті медицина, кардиохирургия, онкология бар.

Сонымен қатар Астана – Орталық Азиядағы ірі авиациялық хаб. Тікелей рейстердің болуы және дамыған инфрақұрылым шетелден келетін пациенттерге жолды едәуір жеңілдетеді. Күз-қыс маусымында 18 елмен, жаз айларында 20 елмен әуе байланысы бар. Аптасына 36 қалаға шамамен 250 халықаралық рейс орындалады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елордаға халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар ағыны 15 пайызға өсті.
Бұл көрсеткіш медициналық туризмнің дамуына тікелей әсер етеді, яғни емделу үшін саяхаттау әлдеқайда жеңілдейді.
Астана – өңірдегі жүрек-қан тамырлары медицинасының жетекші орталықтарының бірі. Мұнда аса күрделі операциялардың барлық түрі жасалады, оның ішінде аз инвазивті араласулар, стенттеу, шунттау және туа біткен ақауларды түзету.
«Astana Tourism» медициналық туризм департаментінің директоры Базарбек Қамысбаев елорданың медицина сапасы, заманауи технологиялар және дәрігерлердің қарым-қатынасы елорданың беделін арттыратынын атап өтті.
«Біз пациенттің келу жолын барынша ыңғайлы ету бағытында жұмысты жалғастырып жатырмыз, әрбір емделу жолы дәрігерлерге деген алғыспен аяқталуы керек», – деді ол.
Бұған дейін жаһандық трендке айналған медициналық туризмнің Астанадағы даму қарқыны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ пультпен басқарылатын бірегей медициналық кереуеттің Астанада жасалатыны туралы жаздық.