Елордадағы «ATM Construction & Investment» зауытына баспасөз туры кезінде кәсіпорын директоры Мұрат Четин осында жасалатын медициналық кереуеттің артықшылығы туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мұрат Четиннің айтуынша, мұнда жасалатын ауруханаларға арналған заманауи кереуеттердің құны шетелдік өнімдермен салыстырғанда екі есеге арзан. Кереуеттің артықшылығы – онда медбикелерге және науқасқа арналған пульт қарастырылған. Сол арқылы кереуеттің арқасын көтеруге, жантайтуға болады. Пульттің басқа да функциялары бар.

«Бұл – Қазақстандағы бірегей өнім. Мұны әзірге ел бойынша біз ғана жасап жатырмыз. 78-80 пайыз отандық шикізат өнімі қолданылады. Тек моторы Германиядан, ал дөңгелектері Түркиядан сатып алынады», - деді Мұрат Четин.
Аталған кәсіпорында 250-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның 15-і Түркия азаматы болса, қалғаны – жергілікті тұрғындар. Мамандар біліктілігін арттыру бойынша Түркиядағы YDA компаниясынан өндірістік тәжірибеден өтеді.

Зауыт ішінара автоматтандырылғандықтан, кейбір цехта тек бір-бір адамнан ғана ауысыммен жұмыс істейді.
Айта кетейік, «ATM Construction & Investment» зауыты – медицина, құрылыс және девелопмент, авиация және энергетика, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсететін көпсалалы кәсіпорын, YDA компаниясының Қазақстандағы еншілес компаниясы.
Өндірістік кешен құрамындағы бес кәсіпорында медициналық және кеңсе жиһазы, медициналық жабдық, модульдік ғимараттар, металл құрылымдары, терезе және витраж өнімдері шығарылады. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта осы зауытта дрондарды жасап шығару цехы да іске қосылмақ.
Бұған дейін елордадағы №1 Индустриялық парк аумағындағы кәсіпорындардың жұмыс қарқыны туралы жаздық.