28.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Жаһандық тренд: Астанада медициналық туризм қалай дамып келеді

|
Photo: Оңалхан Өнерхан
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Жаһандық тренд: Астанада медициналық туризм қалай дамып келеді

|
Photo: Оңалхан Өнерхан

Ішкі медициналық туризмнен бөлек, ем алу үшін Қазақстан астанасын арнайы бетке алатын шетелдіктер қатары да артып келеді. Жақында ғана елордадағы ауруханада канадалық пациентке ота жасалды. Жалпы, Астанада медициналық туризмді дамытуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл бағыт бойынша елорданың әлеуеті қандай? Elordainfo.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Соңғы жылдары медициналық туризм бағыты жаһандық трендке айнала бастады. Бұл ретте Astana Health – Point of Central Asia бренді қалыптасып келеді.

Астана халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатқан. 49 клиника Грузия, Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Иран, Түркия, Қытай және Израиль сияқты елдердің 10 одағымен әріптестік қатынасы бар қазақстандық медициналық туризм қауымдастығына кірді.

Елордада заманауи медициналық технологияларды қолданатын және әлемдік стандарттар деңгейінде емдеуді ұсынатын жетекші клиникалар жұмыс істейді. Клиникаларда соңғы техникамен жабдықталған заманауи палаталар қарастырылған. Нейро және кардиохирургия, трансплантология, диагностика және оңалту, сондай-ақ онкологияны емдеу салаларында қызметтердің кең спектрін ұсынады.

Медициналық персонал халықаралық сапа стандарттарына сәйкес үнемі оқытылып, сертификатталып отырады. Ал Joint Commission International аккредитациясынан өту елімізде 2013 жылдан бері қолға алынған. Осылайша, медициналық мекемелерді халықаралық аренада танытуға жұмыс жүргізіле бастады.

Айта кетейік, JCI – бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау мекемелерінде жоғары халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарын растайтын коммерциялық емес ұйым. Бұл аккредитацияны алу денсаулық сақтаудағы «алтын стандарт» болып саналады және клиниканың халықаралық денсаулық сақтау талаптарына сәйкестігін көрсетеді.

Осы аккредитациядан өткен 9 қазақстандық клиниканың 7-еуі Астанада орналасқан. Олардың қатарында Ұлттық кардиохирургия орталығы, UMIT халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы сияқты клиникалар бар.

Аталған «алтын стандарт» пен батыс елдермен салыстырғанда медициналық қызмет көрсету бағасының едәуір арзан болуы шетелдік пациенттердің елордаға келуіне жол ашып отыр.

Фото: ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы

Сонымен қатар мамандардың көпшілігі ағылшын, орыс, қытай, түрік және басқа да тілдерді жетік біледі. Бұл шетелдік пациенттермен қарым-қатынасты жеңілдетеді.

Бұдан басқа, Қазақстанда медициналық қызметтерді алу үшін кіруді жеңілдететін С12 санатындағы медициналық виза енгізілді. Бүгінде көптеген клиникадағы ағылшын және қытай тілдеріндегі сайттар мен бірыңғай портал сала жаңалықтары мен медициналық қызметтер саласындағы өзекті ұсыныстар туралы ақпаратты біріктіретін медициналық туризмге арналған. Мамандардың сөзінше, медициналық туристің орташа шығыны – 2-5 мың АҚШ доллары аралығында.

Жақында емделу үшін Астанаға арнайы келген канадалық пациентке елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында мойын омыртқасына көпфункционалды жасанды диск орнату бойынша жоғары технологиялық ота жасалды.

Фото: ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы

Сондай-ақ осы қарашада қалада Орталық Азия бойынша алғаш рет жүрекке роботтандырылған технология арқылы жасалған операция сәтті өтті. Бұл операцияны ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының кардиохирургтері Қытайдан келген мамандар тобымен бірлесіп жүргізді. Осындай жаңашылдықтың сәтті іске асырылуы елордада емделгісі келетін шетелдіктердің сенімін күшейтуге әсер ететінін айтады мамандар.

Жалпы, қалаға туристер ағынын арттыру бойынша түрлі бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі – медициналық тур. Ондай турлар шетелдік турагенттерге жыл сайын ұйымдастырылады. Осы бағыттағы ауқымды бағдарлама аясында Астанаға түрлі елдің дәрігерлері мен медициналық агенттері шақырылып отырады.

Қазан айының соңында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен Astana Vision офтальмологиялық клиникасы туроператорларға ақпараттық тур ұйымдастырды. Іс-шарада Астананың медициналық және туристік мүмкіндіктерін көрсететін жаңа туристік өнім таныстырылды.

Жаңа туристік өнімнің ерекшелігі – клиниканың қызметтері емделуге арнайы келгендерге ғана емес, Астанада жүрген қарапайым туристерге де қолжетімділігі. Көптеген процедура, соның ішінде лазерлік көруді түзету жылдам, қауіпсіз әрі ұзақ күтуді қажет етпейді. Осылайша, шаһарға іскерлік немесе саяхаттау мақсатында келген турист демалысы кезінде денсаулығына мән беріп, жоспарын өзгертпестен, диагностикадан немесе профилактикалық тексеруден өте алады.

Астана бүгінде туристерге ерекше әсер қалдырып қана қоймай, өмір сүру сапасын жақсартудың нақты мүмкіндіктерін де ұсынады.

Алдағы бес жылда медициналық туризм экономика драйверінің бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, жоғары сапалы клиникаларда қолжетімді медициналық қызмет ұсынатын Астананың Орталық Азиядағы басты ойыншы болуға мүмкіндігі зор.

Астана әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы елордаға 4500 медициналық турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артуы мүмкін. Яғни осы жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 8000-ға жетеді деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗