Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту және халықаралық ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебінің (ENAC) директоры Оливье Шансу және оның орынбасары Николя Калазиспен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Еуропаның жетекші авиациялық мамандар даярлау орталығымен Астанада еуропалық деңгейдегі өңірлік авиациялық оқу орталығын ашу мәселелері талқыланды. Аталған орталық азаматтық авиация саласындағы заманауи білім беру стандарттарының өңірлік орталығына айналмақ. Елде мұндай оқу орталығының болуы саланың шетелдік оқу ұйымдарына тәуелділігін азайтып, елімізде білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық сондай-ақ саланың отандық кадрларын жүйелі түрде даярлауға және тәжірибе, білім мен халықаралық практикалар алмасуға бағытталады.
Қазақстанның азаматтық авиациясы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жыл сайын жолаушылар ағыны артып, маршруттық желі кеңеюде, инфрақұрылым жаңғыртылуда және әуе кемелер паркі өсуде. Бұл процестерді қолдау үшін елге тұрақты түрде білікті мамандар қажет.
Көлік министрлігінің мәліметінше, отандық авиация саласына жыл сайын ұшқыштар, инженерлер, әуе қозғалысын басқару диспетчерлері, жерүсті қызметкерлері және басқа да негізгі бағыттар бойынша шамамен 500-600 маман қажеттілігі туындайды.

Сонымен қатар Қазақстанда жұмыс істеп тұрған авиациялық оқу орталықтары Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA) белгілейтін озық еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Ал Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) және Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI) талаптарына толық сәйкес келетін жалғыз оқу орны болып саналады.
«Бұл бастама Қазақстанның азаматтық авиация саласында жоғары білікті кадрлардың тапшылығын жоюға және оның алдын алуға бағытталған, сондай-ақ бұл ұшулар қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік қадағалаудың тиімділігін күшейтуге және елдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді», - делінген хабарламада.
Сапар аясында ENAC басшылығы оқу орнының негізгі нысандарына таныстыру экскурсиясын өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы мәселе бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Айта кетейік, Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) 1946 жылы Тулуза қаласында құрылған. Бүгінде ENAC әлемнің 117-ден аса елімен ынтымақтастық орнатқан және 350-ден аса оқу және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Бұған дейін Қазақстан мен Airbus компаниясы A320neo әуе кемелерін жеткізу туралы келісімге келгенін жаздық.