06.12.2025
RU
Мәзір

Қазақстан мен Airbus компаниясы A320neo әуе кемелерін жеткізу туралы келісімге келді

|
Қазақстан мен Airbus компаниясы A320neo әуе кемелерін жеткізу туралы келісімге келді
Фото: Көлік министрлігі

Париж қаласында Қазақстан – Франция іскерлік кеңесінің отырысы және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі XXVI Үкіметаралық комиссияның мәжілісі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараларға Қазақстан тарапынан Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қатысты.

Негізгі оқиға Airbus A320neo әуе кемелерін жеткізу жөніндегі Меморандум папкаларымен алмасу рәсімі болды. Құжатта «алғашқы 25 ұшақты жеткізу және кейіннен қосымша санын 25 ұшаққа дейін арттыру мүмкіндігі» қарастырылған.

Кездесу барысында Талғат Ластаев пен Airbus компаниясының вице-президенті Шарбель Юзкатли 2031 жылға жоспарланған әуе кемелерін жеткізу мерзімдері және оны жеделдету мүмкіндіктерін талқылады.

Сондай-ақ вице-министр Airbus-пен бірлесіп авиациялық оқу орталығын құру және әуе кемелерін лизингке беру мәселелерін көтерді.

ҮАК аясында халықаралық серіктестермен TAV Airports компаниясымен Қазақстан әуежайлары инфрақұрылымын жаңғырту, Alstom компаниясымен өнеркәсіптік кооперация бағытында алдағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.

Екі ел арасындағы көлік байланысын жақсарту үшін Париж – Астана рейсін қайта ашу және Шымкент – Ницца бағыты бойынша әуе қатынасын іске қосу мәселелері қарастырылды.

Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе рейстері артатынын жазған едік. 

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗