08.12.2025
RU
Мәзір

Қостанай тұрғынын ұрған санитар 4 жыл колонияда жазасын өтейді

|
Қостанай тұрғынын ұрған санитар 4 жыл колонияда жазасын өтейді
Фото: freepik.com

Қостанай қаласы №2 соты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz Қостанай соттарына сілтеме жасап. 

2025 жылдың 27 шілдеде шамамен 18:30-да Қостанай қаласындағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының палатасында санитар Т. жәбірленуші К.-ға жеке бас араздығы негізінде, қасақана, оң аяғымен басынан бір рет және денесіне үш рет соққы беріп, оның өміріне қауіпті ауыр жарақат алуына себеп болған.

Сотта Т. өз кінәсін мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Жәбірленуші мен оның өкілі болса, сотталушыға қатаң жаза тағайындап, талапты қанағаттандыруды сұрады.

Істе сотталушының жауаптылығын жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталған жоқ. Т. бұрын сотталмаған.

Сот сотталушының жеке басын, жасалған қылмыстың ауырлығын, жәбірленуші К.-ға келтірілген зиянды өтеу жөнінде шаралар қабылдамағанын ескере отырып, әлеуметтік әділеттілік пен түзелу мақсатында оған ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сондай-ақ, 5 жыл мерзімге науқастарға күтім жасауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, Т.-дан моральдық зиян өндіру белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соғу фактісі анықталғанын хабарлаған едік. 

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗