Астананың қысы салқын. Жергілікті жұрт әбден бой үйреткенмен, шаһардың сарышұнақ аязына қала қонақтары бастапқыда сәл жатырқай қарауы мүмкін. Дегенмен астаналықтар мен туристер үшін елорданың қысы да қызыққа толы. Elordainfo.kz оқырман назарына қыста қыдыруға болатын бас қаланың ең айшықты орындарын ұсынады.
Музейлер
Музейді аралау мезгіл талғамайды. Дегенмен қақаған қыстың кезі – жылы ғимараттың ішіндегі құнды жәдігерлерді асықпай қарауға таптырмайтын уақыт.
Астанадағы ҚР Ұлттық музейі (Тәуелсіздік, 54), ҚР Қарулы Күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы (Республика, 2), Сәкен Сейфуллин музейі (Әуезов, 20), Кітап музейі (Достық, 11), Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар мұражайы (Омаров, 91), танымал зергер Берік Әлібайдың музей-үйі (Қордай, 54) сынды музейлердің есігі келушілер үшін таңғы уақыттан бастап, кешкі жұмыс соңына дейін ашық. Осы музейлерге бас сұғып, талайғы тарихтан сыр шертетін түрлі құнды жәдігермен танысуға болады.
Музейді аралауға 2-3 сағат уақыт кететінін ескерген жөн.
Жаяу серуендейтін орындар
Қыс мезгілі елорданың ең көрікті жерлерімен серуендеуге кедергі бола алмайды. Қыс түсіп, Жаңа жыл жақындағанда қала тіптен түрленіп, ерекше безендіріледі. Ауа райы тынық кезде сол жағалаудағы «Нұржол» желекжолы арқылы Астананың символы «Бәйтерек» монументі сияқты өзге де сәулетті ғимараттардың ортасымен серуен құруға болады. Сонымен қатар ЭКСПО маңы мен Есіл өзенінің жағалауын, «Атырау» көпірін де назардан тыс қалдыруға болмас. Бұл жерлерде жаяу серуен құру жылдың қай мезгілінде де ғанибет.
Саябақтар, мұзайдындар мен сырғанақтар
Қыс мезгілінде Астана саябақтары нағыз ертегіге айналады. Қаладағы мұзайдындар мен сырғанақтардың жөні тіптен бөлек. Елорданың 6 ауданында мұзайдындар, сырғанақ төбешіктері мен шағын архитектуралық нысандар, әдемі безендірілген шыршалар, фотоаймақтар болады. Бұл жерлерді тұрғындар отбасымен және өзге аймақтан келген қонақтарды ертіп баратын демалыс орны деуге болады. Мысалы, 2024 жылдың қысында қалада осындай 60-қа жуық орын жұмыс істеді. Ол жерлерде ойын-сауық бағдарламалары да жиі ұйымдастырылады. Сырғанақтар мен мұзайдындар саябақтарда, ЭКСПО маңы мен қалалық әкімдіктің жанындағы алаңда, кейбір тұрғын үй кешенінің маңында жыл сайын тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Егер өз конькиіңіз болса, бірқатар мұзайдынға кіру тегін. Олардың кейбірінің жанында бір уақ бой жылыту үшін ыстық шай мен кофе ішетін дүңгіршектер де қарастырылады.
Ауа райының құбылуына қарамастан, сырғанақ алаңдарында үнемі адам қарасы қалың болады.
Сауда ойын-сауық орталықтары
Астанадағы сауда, ойын-сауық орталықтары қақаған қысты бір сәтте жазға айналдырады деуге болады. Елордада ондай 10-ға жуық ірі сауда ойын-сауық орталықтары бар. Онда қонақтар өздерін жайлы сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл ғимараттар аялдамаларға жақын орналасқан. Көлікпен келушілер үшін паркингтер қарастырылған. Гардеробқа сыртқы киімді өткізіп, зәулім ғимаратта емін-еркін серуен құруға болады. Киім, ойыншық, гүл сататын бутиктер, супермаркет, тұрмыстық техника сататын дүкендер, кофеханалар, тамақтанатын фудкордтар, мейрамханалар, ойын алаңдары, кино залы – бәрі бір ғимараттың ішінде.
Галереялар
Астанада шынайы өнерді жоғары бағалайтындар үшін галереялар аз емес (Forte Kulanshi Artspace, Pygmalion, HAS SANAT, Salseri, Арт-орталық Kulanshi, LM Kulanshi Art және т.б.). Арт-кеңістіктерде қала тұрғындары мен қонақтары Пикассо мен Далидің шедеврлерінен бастап, қазақстандық және әлемге әйгілі шетелдік қылқалам шеберлерінің жоғары талғамға сай туындыларын көре алады.
Мұндай арт-кеңістіктерде шеберлік сабақтар өткізіледі. Жалпы, галереялардағы экспозициялар үнемі жаңартылып тұрады.
Биылғы қыркүйекте әйгілі суретші Пабло Пикассоның бірегей туындыларының көрмесі өтті. Экспозицияда Германия, Бельгия және Францияның жеке коллекцияларынан алынған шебердің 51 литографиясы қойылған болатын.
Шаңғы тебу
Шаңғы тебу үшін алысқа ұзаудың қажеті жоқ. Ондай орын қала ішінде де бар. Шаңғы жарысын ұнататындар үшін қаланың Орталық саябағына, ал тау шаңғысы мен сноубордты қалайтындарға қала маңындағы демалыс базасына баруға болады.
Ботаникалық бақ
Елорданың ботаникалық бағын әлемдегі ең жас бақ деуге болады. Себебі ашылғанына енді жеті жыл толды. Бірақ соған қарамастан, өсімдіктердің түрі жыл сайын көбейіп келеді. Оранжерея кешеніндегі жабық жерде 1500-ге жуық тропиктік және субтропиктік, шөл және шөлейт өсімдіктер өсіріледі. Температура мен ылғалдылықты бақылайтын заманауи климаттық жүйе мүмкіндіктерінің арқасында банан, апельсин, папайя, кумкват, монстера сияқты өсімдіктер жыл бойы гүлдеп, кейбірі жеміс береді. Биыл кофе ағашы да жеміс берді. Сырты жеуге жарамды. Ішіндегі дәнінен кофе жасауға болады. Мамандар кейде дегустация ұйымдастырады, сол кезде осында өсірілетін жемістердің дәмін татып көруге мүмкіндік бар.
Дала салқын болса да, оранжерея ішінде жайқалып тұрған тропикалық өсімдіктер мен жемістер көңілге жылылық сыйлайды.
Ailand отбасылық демалыс орталығы
Астананың Ailand отбасылық демалыс орталығындағы океанариум – ТМД-дағы алғаш болып ашылған мұхитаралы. Теңізден ең алыс аймақта (3 мың км қашықтықта) орналасқан жасанды мұхитқа барсаңыз, бір сәтке қыстың ызғарын ұмытып, құдды бір ғажайып әлемге кіргендей күй кешесіз.
Океанариумдағы 3 млн литр судың ішінде Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тұщы суларынан, басқа да әр түкпірден әкелінген теңіз фаунасының 100-ден аса түрін қамтитын 3000-ға жуық су жануары тіршілік етеді.
Океанариум әртүрлі өлшемдегі 20 аквариумы бар үш үлкен көрме аймағынан тұрады. Үлкен аквариумның түбінде қалыңдығы 7 см акрил шыныдан жасалған 70 метрлік мөлдір туннельмен жүресіз. Аквариумдардан балықтардың тіршілігін бақылап, жыртқыш балықтарға азық беру сәтін өз көзіңізбен көре аласыз.
Атқа міну, қарда жүретін көлік тебу
Жылқы көшпелі халық үшін жай көлік емес, нағыз дос әрі мәдениеттің бір бөлігі болды. Бүгінде атқа міну – қаланың қарбаласынан бір уақ бой сергітіп, ежелгі дәстүрмен байланысты сезіну мүмкіндігі. Қазіргі таңда Астана мен қала маңында ат спорты клубтары жұмыс істейді.
Сонымен қатар Астананың маңындағы демалыс базаларында қарда жүретін көліктермен де серуендеуге болады.
Осылайша Астана қыс мезгілінде де тұрғындары мен қонақтарын таң-тамаша етуден әсте танбайды. Елорданың қыстағы қызықтары туристерді өзінің алуантүрлілігімен тәнті етеді. Құшағы кең қонақжай қала барлық қонақтарын асыға күтеді.