Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде VIII Халықаралық FEMO олимпиадасы өтті. Бұл білім сайысына Астана қаласының барлық дерлік мектептерінен 1 мыңнан аса оқушы қатысып, өзара білім бәсекесіне түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz Республикалық-физика математика мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
РФММ мәліметі бойынша, аталған олимпиада сонымен қатар әлемнің Австрия, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Коста-Рика, Малайзия, Ресей, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ, Өзбекстан сынды 17 елі мен Қазақстанның барлық өңірінде бір мезетте ұйымдастырылған. Жалпы қатысушылар саны 4 мыңнан асады.

«FEMO (Fizmat Elementary Math Olympiad) халықаралық олимпиадасы — Республикалық физика-математика мектебі мен Астана қаласындағы Fizmat Academy жүзеге асырып отырған авторлық білім жобасы. Биыл бұл білім додасы сегізінші рет өткізілді», - деп жазылған хабарламада.
Олимпиадаға жарыс талабы бойынша тек 1-6 сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушыларға математика пәнінен 10-15 тапсырмадан тұратын есептер ұсынылды. Тапсырмалар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай бірізділікпен әзірленген. Олимпиада әр мемлекетте жергілікті білім беру ұйымдары базасында ұйымдастырылып, барлық қатысушыға тең мүмкіндік жасалды.
«Аталған білім сайысының негізгі мақсаты — жас математиктердің логикалық ойлау қабілетін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру және математикаға деген қызығушылығын күшейту. Сонымен қатар олимпиада оқушылардың білімін халықаралық деңгейде сынап, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді», - деп атап өтті FEMO халықаралық олимпиадасы тапсырмаларының сарапшысы, математика ғылымдарының PhD докторы Алмас Мұхамбетұлы Кунгожин.
FEMO халықаралық олимпиадасы үш кезеңнен тұрады. Қысқы кезең желтоқсан айында өтсе, екінші кезең 2026 жылдың 1 наурызында ұйымдастырылады. Осы екі кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Түркия елінде өтетін финалға қатысып, өз мемлекеттерінің намысын қорғайды. Айта кету керек, қысқы кезеңге қатыса алмаған оқушылардың көктемгі турға тіркелуге мүмкіндігі бар.
«Әзербайжан елінде өткен VII FEMO олимпиадасының қорытынды турына 10 мемлекеттен 500-ге жуық оқушы қатысса, оның 300-ге жуығын қазақстандық шәкірт құраған.
FEMO халықаралық олимпиадасының халықтар арасындағы достықты нығайтуға да қосар үлесі зор», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.