Ақтөбе облысында жолаушылар автобусының қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«7 желтоқсан күні сағат 08:40 шамасында Республикалық маңызы бар «Самара - Шымкент» автожолының 1024 - шақырымында автобус аударылу фактісі тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі «Самара - Шымкент» автожолымен Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай келе жатып, Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында көлік құралының қозғалыс бағыты бойынша оң жаққа аударылуына жол берген», - делінген Ақтөбе облысы ПД мәліметінде.
Өзбекстан Республикасы ТЖМ мәліметінше, автобус салонында Пермь - Ташкент бағытында жол жүрген Өзбекстан Республикасының 49 азаматы болған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Әйтекеби аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының себебі анықталып жатыр.