Астанадағы білім беру ұйымдарында тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ОРВИ) маусымына байланысты қосымша санитарлық-эпидемиологиялық шаралар енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тиісті қаулыға қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Айгүл Шагалтаева қол қойды.
Санитарлық қызмет дерегінше, Астана қаласында 48-апта ішінде ЖРВИ-дің 13 536 жағдайы тіркелді. Алдыңғы 47-аптамен (2025 жылғы 20-26 қараша) салыстырғанда, сырқаттанушылық деңгейі 1,7 есеге төмендеді (24 342 жағдай). 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 58 % құрап, 7 824 жағдайды көрсетті.
Сонымен қатар өткен эпидмаусымның осы кезеңімен салыстырғанда, сырқаттанушылық 1,5 есеге артқан.
Мектеп оқушылары арасындағы сырқаттанушылық жалпы тіркелген жағдайлардың 25%-ын құрады (3 430 жағдай).
Зертханалық мониторинг аясында ЖРВИ және тұмаумен ауырған науқастардан алынған 431 үлгі зерттелді. Олардың ішінде 213 үлгі оң нәтиже берді. Тұмаудың A(H3N2) вирусы, сондай-ақ 7 COVID-19 жағдайы анықталды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында A(H3N2) тұмауы 26 жағдайда немесе 23% деңгейінде тіркелді.
Негізгі шаралардың бірі — мектептер мен балабақшаларда «таңғы сүзгі» енгізу. Оқу басталар алдында оқушылардың, тәрбиеленушілердің және педагогтердің денсаулығы күн сайын тексеріледі. ЖРВИ немесе тұмау белгілері бар балалар мен қызметкерлер сабаққа жіберілмейді.
Егер бір сыныптағы ЖРВИ көрсеткіші оқушылар санының 30% және одан жоғары деңгейіне жетсе, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін сыныптар қашықтан оқыту форматына көшіріледі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жүкті әйелдер арасында ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу шаралары күшейтілгені туралы хабарлаған едік.