Азиада-2025: Астана қаласының спортшылары ең көп медаль жеңіп алды

Азиада-2025: Астана қаласының спортшылары ең көп медаль жеңіп алды
фото: instagram.com/olympickz

2025 жылдың басты спорттық додасы – 7-14 ақпан күндері аралығында өткен Харбиндегі IX қысқы Азия ойындары аяқталды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі жарысқа шолу жасады.

Харбиндегі Азия ойындарына елімізден 10 спорт түрі бойынша 137 спортшы (72 ер, 65 әйел) барғаны мәлім. Оның ішінде Астана қаласы конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, керлинг, шорт-трек, шайбалы хоккейден ерлер мен әйелдер құрамасына 36 cпортшысын қосқан болатын.

Шайбалы хоккейден еліміздің ерлер құрамасы барлық 8 ойында бәсекелесінен басым түсіп, жеңімпаз атанды. Бір кереметі, біздің жігіттер қарсылас қақпасына ең көп 73 шайба салып, ең аз 8 ғана шайба жіберді. Әсіресе финалдық ойында жігіттеріміз Жапонияны 5:0 есебімен сенімді түрде ұтты. Әйелдер командасы әлемдік рейтингте Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореядан төмен тұрса да, мұз айдынында соңына дейін күресіп, күміс жүлдені иеленді. Елордалық қақпашы Арина Щеколова құрамамыздың басты қаһарманы атанып, 150 cоққының 144-ін қайтарды.

фото:instagram.com/olympickz

Басты сенсация шорт-тректен Олимпиада бағдарламасына кіретін 5000 метр қашықтықтағы ерлер жарысында тіркелді. Астаналық Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Айбек Нәсен команда сапында тарихи алтынды жеңіп алуға алуға үлес қосты. Жігіттеріміз Қытай құрамасының жұлдызды құрамынан (2 дүркін Олимпиада чемпионы және 8 дүркін әлем чемпионы Шаонг Лю, Пхёнчхан Олимпиадасының чемпионы және 9 дүркін әлем чемпионы Лим Хё Джун, Пхёнчхан Олимпиадасының чемпионы және 3 дүркін әлем чемпионы Шандор Шаолинь Лю, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сунь Лун) жасақталған Қытай мен Оңтүстік Кореяны (Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Пак Чан Хёк, әлем чемпионы Пак Чи Вон) озып кетті. 3 000 метрлік командалық әйелдер бәсекесінде елордалық Малика Ермек пен Мадина Жанбосынова күміс жүлдені алды. 2 000 метр қашықтықтағы аралас командалық сайыста да Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Малика Ермек күміс жүлдеге еншіледі.

Конькимен жүгіруден командалық спринт бәсекесінде Кристина Силаева мен Дарья Важенина үздік үштікке кірді. Бұл аруларымыздың дәл осы сайыс түріндегі алғашқы жүлдесі.

Керлингтен қысқы Азия ойындарында әлі медаль алмасақ та, Мерей Тастемір әйелдер жарысында, Әділ Жұмағожа ерлер бәсекесінде өте жақсы әсер қалдырды. Қос сайыста да отандастарымыз плей-офф кезеңіне өтті. Әйелдер құрамасы 3-орын үшін таласта Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапониямен жолығып, 3:6 есебімен жол берді.

фото: instagram.com/olympickz

Мәнерлеп сырғанауда 2025 жылғы қысқы Универсиаданың қола жүлдегері Софья Самоделкина 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ким Чхэен, Бейжің Олимпиадасының 2 мәрте жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы Каори Сакамато, жапониялық Хана Юшидаға сәл ұпайы жетпей, 4-орынға табан тіреді. Ерлер жағында Диас Жиренбаев 9-орыннан көрінді.

Жалпы жүлде кестесі (әр спортшының жүлдесі жеке саналады):

1-орын. Астана қ. - 17 алтын, 12 күміс, 2 қола

2-орын. Ақмола обл. - 6 алтын, 11 күміс, 4 қола

3-орын. ШҚО – 3 алтын,10 күміс, 2 қола

4-орын. Қарағанды обл. - 3 алтын, 3 күміс

5-орын. Шымкент қ. - 1 алтын, 2 күміс, 4 қола

6-орын. Қостанай обл. - 1 алтын, 2 қола

7-орын. Павлодар обл. - 1 алтын, 1 қола

8-орын. Алматы қ. - 11 күміс, 1 қола

9-10-орын. Абай обл. - 2 күміс

9-10-орын. БҚО - 2 күміс

11-орын. Алматы обл. - 1 күміс

12-орын. СҚО – 1 қола

Маңғыстау мен Жетісу облысы жүлде алмады.

Енді келесі 2029 жылғы қысқы Азия ойындары алғаш реті Сауд Арабиясында өтеді.