Астанада ағайынды Манашевтердің құрметіне бокс турнирі өтіп жатыр
Астанада бокстан 2009-2010 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында ашық турнир басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
26-28 қыркүйек күндері «Ұлытау» спорт кешенінде жасөспірімдер танымал ағайынды Манашевтардың жүлдесі үшін жұдырықтасады.
Осы орайда турнирдің ашылу салтанатына ағайынды Манашевтар, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Сидней Олимпиадасының қатысушысы Нұржан Кәрімжанов, ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, «Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ төрағасы Азамат Қарлығашев арнайы қатысты.
«Үш ағайынды – Қайрат, Жанат, Марат Манашевтардың отандық боксты дамытудағы үлестері зор. КСРО-ның спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары деген атақтары бар. Жаттықтырушы ретінде олар спортшыларымызды Олимпиадаға да апарды. Мерей Ақшалов, Валентина Хальзова сынды әлем чемпиондарын тәрбиеледі.
Бұл турнир елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Жарыстың көп болуы жасөспірімдердің де тәжірибесін арттырады. «Спорттағы достық – өмірлік достық» демекші, қазірден бастап әр облыстың жасөспірімдері бір-бірімен араласа бергенін дұрыс деп санаймын. Алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарымыз бар», - деді жарыс ұйымдастырушысы Рахат Манашев.
Үш күнге жалғасатын бәсекеге Ақмола, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Атбасар, Қосшы, Степногор, Щучинск қалаларынан келген спортшылар қатысып жатыр. Айта кетейік, Астана қаласынан 180-ге жуық спортшы 7 салмақта бақ сынайды.