Астаналық оқушы Алаш қайраткерлерін насихаттап жүр

24 қаңтар, 2025
elordaaqparat elordaaqparat
Астаналық оқушы Алаш қайраткерлерін насихаттап жүр
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Нұрай Нұрымқызы – Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы. Ол қазақтың ұлы тұлғалары туралы ерекше жобаларымен көзге түсіп жүр. Нұрай әзірлеген «Әлімхан әлемі» зияткерлік ойыны мен ғылыми жобасы – Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін жас ұрпаққа насихаттаудың тиімді тәсіліне айналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Әлімхан Ермековті терең зерттеуді қолға алдым»

Сұхбат барысында ол бұл жобаларды қалай ойлап тапқаны, іске асырғаны және қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы ақпараттарын бөлісті. Жоба тек білім беру саласында ғана емес, тарихи тұлғаларды дәріптеуде де ерекше маңызға ие.

Нұрайдың басты жетістіктерінің бірі – «Тарихтың алтын парағы: Әлімхан әлемі» тақырыбына арналған ғылыми-зерттеу жұмысы.

«Біз грамматиканы, Әліппені қалыптастырған ұлы реформатор - Ахмет Байтұрсынұлы туралы білеміз. Бірақ геометриядағы терминдерді, теоремаларды қазақ тіліне аударған адамды неге білмейміз? Дәл осы ойдан кейін мен Әлімхан Ермековті терең зерттеуді қолға алдым», - деген ол бұл тақырыпты таңдауы кездейсоқтық емес екенін айтты.

Нұрай Нұрымқызы жобаны қолға алмас бұрын мектепте сауалнама жүргізіп, 3000 оқушының тек 10 пайызы ғана Әлімхан Ермеков туралы білетінін анықтаған. Осыдан кейін ол бұл жобаның басты мақсаты – ұлы тұлғаның есімін көпшілікке таныту екенін түсінген.

«Жұмысымды тоқтатқан жоқпын»

Нұрай жобаның 3 кезеңінен сүрінбей өтіп, енді ғылыми жұмысын республикалық байқауда қорғауға дайындалып жатқанын айтты.

«Өткен жылы жобаның қалалық кезеңінен тек қана грамота алып, келесі кезеңге өте алмай қалып едім, алайда бәрі бірден болмайды деп жұмысымды тоқтатқан жоқпын», - дейді ол Elordainfo.kz тілшісіне.

«Әлімхан әлемі» зияткерлік ойыны

Дарынды оқушының Әлімхан Ермековті зерттеудегі жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол «Әлімхан әлемі» зияткерлік үстел ойынын ойлап шығарғаны туралы ақпаратын бөлісті.

«Ғаламторда Әлімхан жайлы ақпарат жетерлік, бірақ ойынды оқушыларды бұл жанның өмірімен таныстыратын ерекше қызықты тәсіл табу керек деген оймен шығардым», - деді оқушы бізге берген сұхбатында.

Нұрайдың айтуынша, ойын барысында қатысушылар текшені лақтыру арқылы жүріс жасайды және сол жүрісі арқылы 4 негізгі ұяшықтың біріне түседі. Бұл ұяшықтарға түскен оқушылар сұрақтары бар карточкаларды тарту арқылы ұпай жинау мүмкіндігіне ие болады. Сұрақтар Әлімхан Ермеков пен басқа да Алаш қайраткерлері жайлы болғандықтан, ойын оқушыларды Алаш тарихын көбірек оқуға шабыттандырады.

Тарихты зерттеу

«Сонымен қатар ойын балалардың қаржылық сауаттылықтарын да дамытады. Олар «Қыстау», «Көктеу», «Жайлау», «Күзеу» деген көшпенділер мекеніне түскен жағдайда, оны жинаған ұпайларына сатып алуға мүмкіндік алады. Ал ол жерге келесі түскен оқушы салық төлеуге міндетті болады», - деп ол ойын шарты толықтай түсіндіріп өтті.

Нұрай болашақта тарих саласын әрі қарай зерттегісі келетінін айтты.

«Жақында әлімхантанушы Қанат Өскембаевпен кездестім. Ол кісі Әлімхан Ермековті 38 жыл зерттеп келе жатыр екен. Оның сөздерінен біршама идея алдым», - дейді ол.

Арайлым СЕРҚАНОВА,

Мақсұт Нәрікбаев университеті

Журналистика: аналитика және зерттеу факультетінің 4-курс студенті