Елордалық сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды

8 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордалық сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Kerbez_models» тобының әжелері Болгарияда өткен халықаралық байқаудан жүлдемен оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жақында Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі «Амфитеатр» сахнасында хореографиялық өнердің «Би жағалауы» атты халықаралық фестиваль-байқауы өтті. Бұл шара Art in Motion халықаралық жобасының аясында ұйымдастырылған мәдени оқиға болды.

Фестиваль Қазақстан мен Ресей Федерациясының Болгариядағы елшіліктерінің қолдауымен өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – хореография арқылы ұлттар арасындағы достықты нығайту, дәстүрлі және заманауи би мәдениетін дамыту, дарынды өнерпаздарды қолдау және халықтық хореография мұрасын сақтау болды.

Байқауға Қазақстан атынан қатысқан «Сарыарқа» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «KERBEZ MODELS» тобы ел намысын абыроймен қорғап, 60+ жас санаты бойынша «Сән шоуы. Ансамбль» номинациясының бірінші дәрежелі лауреаты атанып, сондай-ақ «Сахна бейнесін жарқын бейнелегені үшін» арнайы марапаттарға ие болды.

Өнер додасында елордалық сәнқой әжелер Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Дизайн академиясының академигі, «Алмас тасты алтын қайшы» иегері Қайрол Әбішевтің ZEKEN MODA брендіндегі сәндік коллекциясының киім үлгілерін ұсынды.

Айта кетейік, «Kerbez_models» тобына Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді. Бүгінде сән тобының кербез әжелері ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптеп жүр.

Сәнқой әжелеріміз «Сарыарқа» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына аптасына 3 рет жиналып, дайындық жұмыстарын жүргізеді.