Қазақстанда 2025 жылға дейін 180 спорт түріне қолдау көрсетіліп келгенімен, көпшілік көбіне бокс, күрес, жеңіл атлетика сынды Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерін біледі. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі спорттық бағдарлаудан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия чемпионы, астаналық Гузель Арцерден спорттың қыр-сырын сұрады.
- Спорттық бағдарлау жайлы қоғамда көп біле бермейді. Сіз қалайша осы спорт түрін таңдадыңыз?
- Спорттық бағдарлау туралы 9 жасымда алғаш рет естідім. Мен оқыған елорданың №19 мектебінде спорттық бағдарлау үйірмесі ашылған еді. Спорт секциясына алғаш келгенде-ақ, бұл спорт түрінің дене жүктемесін де, ой еңбегін де қатар талап ететіні бірден қызықтырды. Мұнда тек тез жүгіру ғана емес, картаны талдай білу, шешім қабылдау және кеңістікте дұрыс бағдарлана алу маңызды. Дәл осы интеллектуалдық және физикалық қабілеттердің үйлесуі мен үшін шешуші фактор болды. Уақыт өте келе, Астана қаласының құрамасына, артынша Қазақстанның ұлттық құрамасына кірдім. Республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым.

- Спорттық бағдарлаудың қандай ерекшелігі бар? Бұл спорт түрі негізінен Еуропа елдерінде танымал. Ал Азия құрлығы мен Қазақстанда қаншалықты қолға алынған?
- Өзге спорттармен салыстырар болсақ, бұл жерде жазғы және қысқы әлем чемпионаттары бөлек өтіп тұрады. Жазда жүгіресің. Ал қыста шаңғы арқылы тапсырмалар орындалады. Қашықтықтар үш түрге бөлінеді: ұзақ – 15-18 шақырым, орта – 7-10 шақырым, қысқа спринт – 2-5 шақырым.
Олимпиада бағдарламасына кірмесе де, қысқы Универсиада, Дүниежүзілік ойындар, әлемдік Гимназиада сынды кешенді ойындардың бағдарламасына енген. Жазғы әлем чемпионаттары 1966 жылдан бері өткізіліп келсе, қысқы әлем чемпионаты 1975 жылдан бастау алған. Әлемнің 80 елінде федерациясы болғанымен, жаһандық додада тек кәрі құрлықтың спортшылары ғана жүлде алып жүр. Азия құрлығында ақырындап дамып келеді. Бір қызығы, Қазақстан 2013 жылы Щучинскте қысқы әлем чемпионатын қабылдағанын көпшілік біле де бермейді. Азия құрлығынан әзірше Жапония мен Қазақстан ғана әлемдік доданы өткізіпті. Ал 2011 жылы Алматы мен Астана қаласында ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарында спорттық бағдарлау алғаш рет енгізіліп, Қазақстан құрамасы 8 алтын, 7 күміс, 1 қола жүлдені еншіледі.
- Астана қаласында спорттық бағдарлаудың қарқыны қалай? Болашағы жарқын ба?
- Қазақстанда спорттық бағдарлау біртіндеп дамып келеді. Еліміздің 15 өңірінде қолға алынған. Шамамен 3500 адам кәсіби түрде шұғылданады. Жаңа секциялар ашылып, бапкерлер саны көбейіп жатыр. Ал Астана қаласында №2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде қолға алынған. 100-ден астам адам айналысады. Көп жағдайда Орталық, Президенттік саябақ, Триатлон саябақтарында дайындаламыз.

- Спорт арқылы көптеген елдерге барған шығарсыз? Қазақстанда қандай ерекше жерлерді атай аласыз?
- Мен Азия чемпионаттарының арқасында Қытайда, оның ішінде Гонконгте, Тайбэйде болдым. Эстония мен Финляндияда өткен Әлем кубоктарына қатыстым. Сондай-ақ Ресейдегі халықаралық жарыстарға бірнеше рет бардым. Спорттық бағдарлаудан Қазақстанда ерекше жарыс орындары көп. Мен үшін ерекше старттардың қатарына Қарағанды облысындағы Қарқаралыны жатқызар едім. Себебі ол жердегі жарыс алаңы өте күрделі, жартасты жер бедері кездеседі. Шығыс Қазақстанда жаңбыр көп жауатындықтан, Бұқтырма жағындағы шөпті жоталар тартымды көрінеді.

- Спорттық бағдарлау сіздің күнделікті өміріңізге қаншалықты пайдасын тигізеді? Қандай да бір жарақат алу ықтималдығы жоғары ма?
- Cпорттық бағдарлау физикалық шыдамдылықтан бөлек, мінезді де қалыптастырады. Күйзеліске төзімділік, тез шешім қабылдау сияқты маңызды қасиеттерді дамытады. Бұл дағдылар маған спортта, мақсаттарға қол жеткізуде, күнделікті өмірде, балалармен жұмыста және жаттықтырушылық қызметте өте көп көмегін тигізеді. Мені мақсатына спортшы әрі жауапты адам ретінде тәрбиеледі. Өз қатарластарымның арасында кейде қандай да бір мақсатқа жету үшін мінез көрсете алмайтынын байқап тұрамын. Ал спорттық бағдарлау мені қандай қиындық болса да, алға ұмтылуға үйретті.
Кез келген спорт түрінде белгілі бір қауіптер болады. Алайда дұрыс дайындық, қауіпсіздік ережелерін сақтау және жүктемені біртіндеп арттыру арқылы жарақат алу тәуекелін барынша азайтуға болады. Мен бүкіл спорттық мансабым барысында жарақат алған емеспін. Біздің спортта жалпы жарақаттар өте сирек кездеседі. Бағдарлауда спортшыларды сауатты дайындауға және дәрігерлермен жұмысқа үлкен көңіл бөлінеді. Сондай-ақ бізде алты ай сайын тегін медициналық тексерістен өту мүмкіндігі бар.

- Сіздің ойыңызша, бұқаралық спортты дамытуда қандай іс-әрекеттер жасалуы керек? Cпорттық бағдарлаудың танымалдығын қоғамда арттыру үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс?
- Ең алдымен, мен - спорттық бағдарлау бойынша ұлттық құраманың спортшысымын және халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Осы тәжірибеме сүйене отырып, бұқаралық спортты дамыту үшін жарыстарды жиі өткізу мен шаралар туралы ақпараттандыру өте маңызды деп санаймын. Сондай-ақ спорттық бағдарлау жарыстары туралы, халықаралық деңгейде табысты өнер көрсеткен спортшыларымыз жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен хабарлау қажет. Балаларға арналған қолжетімді спорттық секцияларды дамыту, бапкерлерді қолдау, спорттық инфрақұрылымды жақсарту, спортты білім беру мекемелері арқылы танымал ету сынды дүниелерге көңіл бөлінуі тиіс. Спорттық бағдарлау, көптеген спорт түрлерімен салыстырар болсақ, қолжетімді. Өйткені біздің секциялар тегін және үнемі есігі ашық.
- Сіз спортшыдан бөлек, ұстаздық қызметті де бірге алып жүрсіз. Осы бағытта қандай мақсаттарыңыз бар?
- Спорт саласындағы инклюзияны қарқынды дамыту керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде Қазақстанда ерекше мұқтаждықтары 700 мыңнан астам адам өмір сүреді. Оның 109 мыңы - балалар. Иә, елімізде параспорт пен сурдоспорттың сыйақасы Олимпиадалық спорттармен теңестірілді. Кейінгі 10 жылдармен салыстырар болсақ, әр жыл сайын жаңа спорт түрі қолға алынып келеді. Әйтсе де, инклюзивті спортпен айналысатындардың үлесі 10%-ға да жетпейді. Мен де инклюзивті үйірме ашсам деймін. Спорттық бағдарлау ми жұмысын, оның ішінде ақпаратты өңдеу мен шешім қабылдау, есте сақтау қабілеттерінің жақсаруына әсерін тигізеді. Кез келген баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі болуы тиіс. Спорт тек физикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасауды, өзіне сенуді үйреніп, қолдауды сезінеді.
